Қаңтар оқиғасы кезінде материалдық зардап шеккен 1640 шағын және орта бизнес субъектісіне 16,2 миллиард теңге өтемақы төленген. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.
Әкімнің айтуынша, кәсіпкерлердің 95%-іне өтемақы биыл маусымға дейін төленген. Жеке тұлғаларға да 613,5 миллион теңге мүлік өтемақысы берілген.
Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың соңына дейін адам көп жиналатын орындарға 3050 бейнекамера орнатылады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл 16,8 миллиард теңге бөлінді
деді Ерболат Досаев.
Алматы әкімінің сөзіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген, қазір жөнделіп жатқан қала әкімдігінің ғимараты 2023 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.