«Ақын-жазушыға үнемі біреу бірдеңе беруі керек»: Мағауиннің хаты Қазнетті ашуландырды

Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің Қасым-Жомарт Тоқаевқа уәж айтқан хаты Қазнетті дүрліктіріп қойды.

Америкадан жазған хатында қаламгер әріптесі Тұрысбек Сәукетайдың 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа іріктеуден өтпей қалғандығына қапаланған. Айтуынша, оның «Желқайық» романы Абай атындағы марапатқа бірден бір лайық. Енді бұл мәселені реттеу тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында.

Тұрысбек — бүгін ғана жеткен прозашы емес: өткен он жылдықтағы «Ай қараңғысы» және кез келген басқа да романы осы мәртебеге татитын. Бүгін бәйгеге «Желқайық» түскен екен. Айтары жоқ, осы жаңа ғасырда дүниеге келген ең озық туындылардың бірі,

деп жазған Мағауин хатында.

Қазір Амерка құрама штаттарында тұратын жазушы осындай керемет шығармаға мемлекеттік сыйлықтың бұйырмағанына өкініш білдірген.

Мұндай биік көркемдік деңгейде жазылған, бүгінгі қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы — көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді. Тұрысбек Сәукетайды лайықты сыйлығына жеткізу ендігі Сіздің қолда тұр деп білемін…

делінген хатта.

Сұрамшақ ақын-жазушылар

Жазушының хаты Желі қолданушыларының талқысына түсті. Кей оқырмандар «Қаңтар оқиғасы» сияқты ел басына күн туғанда ләм-мим демейтін ақын-жазушылар өздеріне бірдеңе сұрау керек кезде ғана бас көтеретінін сынаған.

Мемлекеттік сыйлық бәле болды. Мұхиттың ар жағында жатқан адамға да маза бермейді. Қаңтарда елді қырып тастап, абақтыда азаптап жатқанда араша сұрау былай тұрсын, бір ауыз жылы сөз айтуға жарымғандар мемсыйлық даулап жүр.

Ақын-жазушылар сұрамшақ болады десем ренжисіздер тағы,

деп жазды блогер Есдәулет Қызырбекұлы.

Журналист Ербол Мәндібектің пікірінше, ақын-жазушы атаулыға сыйлық пен марапат беруді мемлекеттік деңгейде тоқтату керек. Әбден ашыққан кезде бәлкім Нобелге татырлық туынды жазар деген пікірде.

«Жұрттың ақын-жазушылары Нобель сыйлығына таласады. Біздікілер өз үйінде сақаға таласқан бала сияқты. Ылғи ыру-дыру. Менің ойымша, ақын-жазушы атаулыға сыйлық пен марапат беруді мемлекеттік деңгейде тоқтату керек. Әбден ашықсын, сыйлық туралы ештеңе ойламасын. Мүмкін сонда Нобель сыйлығына жақындап қалармыз.

Қазақстанда кітап жазып қомақты ақша тапқан екі адам бар екен. Оның біреуі — Баян Есентаева, екіншісі — Айнұр Тұрсынбаева.

Бұлар менеджментті меңгерген. Бірақ, жазушы емес. Әшейін өз өмірлерін бірдеңе-бірдеңе деп жаза салған. Содан қыруар ақша тапқан. Әттең біздің ақын-жазушылар талантын табыс қылуға тырысқан емес. Оларға үнемі біреу бірдеңе беру керек… Соңғы кезде ақшалы азаматтар ақын-жазушы көрсе алыстан қашатын болыпты…»

Шоу жалғасуы керек

Ал журналист Арнұр Асқардың айтуынша, қоғам жазушылардың туындыларын өз еріктерімен іздеп оқымайды. Жалпы қазіргі баспа саласындағы менеджмент дұрыс емес.

«Меломанның сайтын сүзіп шықтым. Нобель алған Анни Эрноның бір-екі кітабы бар екен. Мемсыйлық алған Кәдірбек Сегізбаевты таппадым. Бүгін хит болып жатқан Тұрысбек Сәукетай да жоқ сияқты.

Мен ертеректе Кәдірбектің «Жылдың ең қысқа күндері», «Жол» деген күшті-күшті кітаптарын оқыдым. Тұрысбек Сәукетайдың «Мұң перделеген терезе» деген керемет повесін оқыдым. Ғалым Жайлыбайды тек газет-журналдардан, интернеттен оқыдым. Үшеуінің де кейінгі жазғандарынан бейхабар екенімді мойындаймын. Рас, кейін оқымадым бұл кісілерді.

Бүгін Меломаннан алайын десем, жоқ. Жарайды, мен тауып алармын. Басқалар ше? Ақпаратты шайнап беріп, аузына тықпасаң жұтпайтын қоғам жазушыларды іздеп жүре ме?! Жазушылар мемсыйлыққа ұсынылып, алып жатыр. Мағауин оларды қолдап президентке хат жазып жатыр. Бірақ оларды халық іздей ме, оқи ма?! Білмеймін,

деп жазды журналист

Ал оқырман Ақназар Әбдуғаппарұлы бұл кезең әлімсектен ақын-жазушылардың мемлекеттік сыйлыққа таласу кезеңі болып келгенін айтады. Алдағы уақытта қаламгерлердің бір-бірін тұқырту әрекетінен сырттай «ләззат алатын» боламыз.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

1 день ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

2 дня ago