ІІМ адам саудасы үшін 11 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Шымкентте полиция кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға, жеңгетайлыққа, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жыныстық қанау мақсатында адам саудасына тарту фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тергеу барысында олардың қылмыстық әрекеті Шымкентте, Түркістанда және Таразда жүзеге асырылғаны анықталды. Топтағы рольдер нақты бөлінген. Оның ұйымдастырушылары үш апалы-сіңлі болып шықты. Олар сенімді адамдарымен бірге қылмыстық әрекеттерді үйлестірген. Қорқыту мен бопсалау, “айыппұлдар” арқылы қыздарды синтетикалық есірткі қолдануға және ақылы (кейде әртүрлі тауар үшін де) жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген,
делінген хабарламада.
Топтың кейбір мүшесі жас әйелдер мен қыздар іздеумен айналысқан. Олармен танысып, сеніміне кіре отырып, осы “іске” тартқан. Қыздарды әлеуметтік желі арқылы Қарағанды, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан тапқан.
Билет сатып алу мен тұруға кеткен шығынды қылмыстық топтың ұйымдастырушылары көтерген. Топтың басқа мүшелері “әкімші” және “кассир” ролін атқарды. Олар қыздардың тәртібін қадағалап, есеп пен касса жүргізіп, интернеттегі жарнамалар арқылы табылған “клиенттерді” қабылдап отырған.
Қылмыскерлердің тапқан табысы, бүгінгі ақпарат бойынша, шамамен 150 миллион теңге,
делінген хабарламада.
Жыныстық сауда құрбандары арасында 17 мен 25 жас аралығындағы 14 қыз бар, оның ішінде алтауы — кәмелетке толмағандар. Қыздарды жалдамалы пәтерде ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірқатар жағдайда күдіктілер қыздарды өзімен бірге ертіп, қонақүйлер мен сауналарға апарған.
Қыздар туған-туыстарын тыныштандыру үшін ата-анасына бала күтуші болып жұмыс істейтінін айтқан. Кейбір жағдайда ұйымдастырушылар қыздардың ата-анасымен кездесуге барып, өзін “бала күтушіге жұмыс беруші” етіп көрсеткен.
Барлығы 11 адам ұсталды, олар қазір Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Осы факті бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде: 2 дерек – ҚК-нің 262-бабының 1, 2-бөлігі (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу), 5 дерек – ҚК-нің 128-бабы (Адам саудасы), 5 дерек – ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 2 дерек – ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікке тарту), 3 дерек – ҚК-нің 309-бабы (Притон ұстау мен жеңгетайлық), 1 дерек – ҚК-нің 297-бабы (Есірткі заттарын алу, сақтау, тасымалдау) бойынша,
делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр.