Кейінгі 2 аптада Қазақстанда коронавируспен ауыратындар саны 3,2 есе өсті.
Премьер-министрі Әлихан Смайылов үкімет отырысында елімізде, әсіресе, елорда мен Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткішінің артқанын айтты.
Ел бойынша күн сайын 3000-ға дейінгі дерек тіркеледі. Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Шектеу шараларын қолдану керек. Алдын алудың негізгі шаралары – маска тағу және әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау. Вакцинация мен ревакцинация көрсеткіштерінің төмен болуы эпидемиология жағдайының тұрақтылығына қауіп төндіреді,
деді Әлихан Смайылов.
Ол әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният шектеу шаралары туралы айтты.
Шектеу шаралары екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең – ауруханаға жатқызу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 25-тен 50-ге дейін өссе, R саны біреуден жоғары болады. Бұл ретте бизнес ісіне шектеу қойылмайды, бірақ жабық мекемелерде және көлікте маска тағу міндетті болады,
деді министр.
Екінші кезеңде, R-ға қарамастан, ауруханаға жатқызу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 50-ден жоғары болса, Ashyq қосымшасын қолдану міндетті болады. Нысандар 50 процентке дейін толады. Білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі. Ұйым қызметкерлерінің 30 проценті қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады.