Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі хабарлады.
Қайрат Сатыбалды 13 наурызда шетелге қашып ұшпақ болған сәтте қолға ұсталды. Ол «Қазақтелекомның» қомақты қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен уақытша қамау изоляторына жіберілді. Кейін қамау мерзімі ұзартылды. Жемқорлықпен күрес агенттігі Қайрат Сатыбалды мен тағы төрт адамнан елдегі басты байланыс операторы «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деп күдіктенеді.
Нәтижесінде заңсыз сатып алынған активтер мен 240 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды. Оған қоса айыпталушылардың ел іші мен шетелдегі жылжымайтын мүлік, автомобильдері және 400 миллиард теңге қаражаты анықталды, олар жақын арада мемлекетке қайтарылады.
Іс бойынша күдіктілердің бесеуі өтіп жатыр. Олардың біреуі қамауда, екеуі үй қамақта. Сатыбалдыұлына қатысты салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерін заңдастыру фактілері бойынша қосымша тергелуде. Айыпталушылардың басқа да заңсыз активтерін тергеу жалғасуда
делінген мәлімдемеде.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да 17 наурызда «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу» күдігі бойынша Нұр-Сұлтанда қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырды деп айыпталып жатыр.