Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қайрат Сатыбалдыұлының қандай мүлкі мемлекетке қайтарылғанын айтты.
Ведомствоның мәліметінше, «Қазақтелекомның» 3 084 893 қарапайым акциясы республикалық меншікке өткен. Оның ішінде Сатыбалдыұлы жалғыз акционер болып табылатын — Skyline Investment Company S.A компаниясының 2 671 481 (24,95%) акциясы және Alatau Capital Invest компаниясының 413 412 (3,8%) акциясы қайтарылды.
Бағалы қағаздардың бұл пакеті бағалаудан кейін Үкімет қаулысына сәйкес «Самұрық-Қазына» қорының орналастырылған акциялары үшін төлем ретінде беріледі.
Тағы бір кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мүлкі әлі республикалық меншікке өткен жоқ. Алайда Алматы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Боранбаевқа тиесілі «Қайрат» футбол клубы қалаға қайтарылғаннан кейін клубқа қаржылай көмек көрсету мәселесі көтеріледі. Әкім бұл мүлікке қатысты шешімді сот қабылдайтынын қосты.
Сонымен қатар жыл басынан бері комитеттің мәліметінше, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сот актілері негізінде 28 мүлік бірлігі тәркіленген. Оның ішінде 10 мүлік, алты автокөлік және өзге 12 бірлік бар.
Сонымен қатар сметалық құны 125,47 млн теңгені құрайтын бес автокөлік мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілді, бір автокөлік және 11 басқа мүлік 6,16 млн теңгеге сатылды.
Еске салайық, Сатыбалдыұлының мүлкі тәркіленіп, алты жылға сотталған. Сондай-ақ, мемлекетке 500 млн доллар қайтарылды.