Солтүстік Қазақстан облысында мамандар тұрғындарды орманға барып қайың шырынын алғандар заңмен жазаланатынын ескертті.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, күннің жылынуымен ағаштарда сөл жүру кезеңі басталады. Осы кезеңде қайың шырынын балта-пышақпен қаруланып, орманға ағылады.
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде қайыңның ағаш шырынын дайындау жоспар бойынша жүргізіліп, жақын арада кесілетін, пісіп-жетілген ағаштарда жүргізіледі.
Шайырды, ағаш шырынын, қосалқы ресурстарды дайындау қағидаларына сәйкес шырынды кесуге кемінде бес жыл қалған ағаштардан алуға болады. Шырын дайындау кезінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерде мемлекеттік орман шаруашылығы жазып берген орман билеті болуы тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Әкімшілік кодекске сәйкес кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, шайыр мен ағаш шырынын, қосалқы орман материалдарын алудың белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген.
Жеке тұлғаларға 10 АЕК немесе 34 500 теңге мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК немесе 103 500 теңге мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК немесе 172 500 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.