«Ғаламшар аруы – 2022» халықаралық сұлулық байқауында Қырғызстанды 18 жастағы Алтынай Ботоярова таныстырды. Елдің бірінші сұлуы өз отандастарының бірнеше шабуылына қарсы тұруға мәжбүр болды.
Біріншіден, байқауда Алтынай әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Ол Қырғызстанда бұл мәселе өзекті болып тұрғанын атап өтті. Алайда отанында сұлудың бұл мәлімдемесін жұрт құптамады, өйткені көпшіліктің пікірінше, ару осылайша елдің ішкі мәселесін әлемге жайып салған. Ал бұл – ұят.

Екіншіден, қырғызстандықтарға қыздың киімдерінің бірі ұнамады. Иығы ашық көйлегі шығыс қызы үшін «тым дөрекі» деп аталды. Бұл да ұят.
Ал үшінші ретте Алтынай орыс тілінде сөйлегені үшін сөз естіді.
Естеріңізге сала кетейік, «Ғаламшар аруы» байқауында Қырғызстаннан келген сұлуды таныстыруда төрт рет қателік жасалды. Жүргізушілер Алтынайды Қазақстанның өкілі деп шатаса берді.
