Алматы полициясы өзін банк және құқық қорғау органдары қызметкерлеріміз деп таныстыратын алаяқтардың азаматтарды қалай алдайтынын айтып берді.
Қаланың криминалдық полициясы өршіп келе жатқан алаяқтық түріне баса назар аударды.
Алаяқтар, әдетте, жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері немесе банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады. Сосын азаматтың атына несие алу әрекеті болғаны туралы хабарлайды.
Алаяқтарды шотта ақшаның бар-жоғы да қызықтырады. Егер жәбірленуші бұл әңгіменің рас екеніне күмәнданса, банктің жалған қызметкерлері қазір тәртіп сақшыларының хабарластынын айтады. Содан кейін әңгімеге жалған полиция қызметкері кіріседі. Өзін департаменттің немесе прокуратураның бастығымын деп таныстырады,
дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығы Қуатбек Науатов.
Әрі қарай алаяқтар осы қызметтердің қазіргі басшыларының шын аты-жөнін айтады. Ондай мәлімет интернетте тұр. Содан кейін несие рәсімдемекші болған адамды ұстау үшін жәрдем беруін сұрайды.
Ол үшін қоңырау шалушы шоттардағы бар қаражатты шешіп алып, оларды банктің қауіпсіз шотына жіберу қажет екенін хабарлайды. Содан кейін қауіпсіз шот ретінде карта дерегін ұсынады. Ал ол карта дерегі, негізінен, сыйақы алу үшін деректерін сатып жіберген ҚР азаматтарына тиесілі.
Ал жәбірленуші жиған-тергенін жоғалтудан қорқып, алаяқтардың ықпалына түсіп, нағыз қылмыскерлерге ақшаны өз қолымен аударып жібереді,
дейді Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, қаскөйлер полициямен бірігіп арнайы іс-шара өткізіп жатқанын айтып қоңырау шалады. Сосын жәбірленушіні бірнеше банктен несие алуға көндіреді. Өйткені зардап шеккен азаматтар шынымен полицияға көмектесіп жатырмыз деп ойлап, бірнеше күн бойы алаяқтардың талабын орындап жүреді.
«Жалған қызметкерлер “арнайы іс-шараға қатысушыға” бұл туралы біреуге хабарлауға қатаң тыйым салады. Бұл психологиялық трюк жағдайды тез бағамдай алмайтын және болып жатқан жағдайды байсалды бағалай алмайтын қарт адамдарға жақсы жұмыс істейді. Егде адамдар өте сенгіш, сондықтан көбіне солар алданып қалады,
дейді Қуатбек Науатов.
Криминалдық полиция басқармасы бастығы азаматтардан сақ әрі мұқият болуды сұрайды. Күмәнді қоңырауларға және бейтаныс адамдардың айтқанына сенбеуге шақырады.