Ресейдің танымал әншісі Алла Пугачёва 18 қыркүйекте әлеуметтік желіде пост жариялап, Ресей билігінен өзін «шетел агенті» тізіміне қосуды сұрады. Әнші Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы алғаш рет пікірін ашық жеткізіп, соғысқа қарсы шыққан күйеуі Максим Галкинді қолдады, деп жазды Азаттық радиосы.
«Мен күйеуімді қолдаймын, адал, парасатты, шыншыл, Ресейдің нағыз, ешкімге сатылмайтын патриоты, отанына тек игілік, бейбіт өмір мен сөз еркіндігін тілейтін күйеуіммен біргемін,
деп жазды Пугачева Ресей әділет министрлігіне бағыттаған жазбасында.
16 қыркүйекте Ресей әділет министрлігі Алла Пугачеваның күйеуі, әртіс, тележүргізуші Максим Галкинді «шетел агенті» тізіміне қосқан. Ведомствоның жазуынша, Галкин саяси қызметпен айналысып, сол әрекеті үшін Украинадан ақша алған.
Ресей басқыншылығының алғашқы күндерінен-ақ Галкин соғысты айыптаған.
Ол Израильде концерт өткізіп, жиналған қаржыны украин босқындарына көмек ретінде беретінін айтқан.
Қыркүйектің басында президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Галкин «өте нашар мәлімдеме жасады» деп мәлімдеп, «біздің жолымыз түйіспейтіні анық» деп айтқан.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Максим Галкин мен Алла Пугачева балаларымен бірге Ресейден кеткен. Галкин шетелде жүріп, Ресейдің әрекетін қатаң сынаған. Ал оған дейін әртіс Ресей басшысы Владимир Путинге бірнеше рет пародия жасаған. 2019 жылғы сұхбатында ол бұлай істеуден қорықпайтынын жеткізген.
2022 жылы тамызда Пугачеваның екі баласымен Ресейге келгені хабарланды. 4 қыркүйекте Пугачеваның Инстаграмдағы парақшасында СССР-дың бұрынғы басшысы Михаил Горбачевтің өлімі жайлы жазба пайда болды. Оған дейін әнші саясаткермен қоштасу рәсіміне қатысқан.
Әнші саясаткерлер қателік жасай береді, ең бастысы адамзатты тұтас құрдымға әкетпесе болғаны деді.