Ата-аналар жылу вагон беруді талап еткен. Бұл туралы Mangystaumedia.kz хабарлады.
Спортшылар мен олардың ата-аналары «Маңғыстау-Алматы» пойызымен таэквандодан жарысқа бара жатқан. Алайда ата-аналар пойызды тоқтатып, басқа вагон беруді талап еткен. Олардың сөзінше, пойыз ескі әрі суық болған.
Пойызды тоқтаттық. Себебі біздің балаларымыз отыратын пойыздың ешқандай жағдайы болмады. Оны бізге жолсерік шырылдап айтты, оның ешқандай кінәсі жоқ. Осы жерден жаңа вагон қосып берді, рақмет. Балаларымыз жарысқа бара жатқан соң суық вагонның ішінде ауырып қала ма деп уайымдадық,
деді ата-ананың бірі.
Осы жағдайға байланысты 10 желтоқсанда пойыз 1 сағат 35 минутқа кешігіп жүрген.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниясының баспасөз қызметі мәліметінше, №13/14135 вагоны Алматыдан Маңғыстауға шыққанда техникалық жарамды болған. Бұл ретте жолда вагондағы температура режимінің бұзылуына байланысты басшылық вагонды ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Қазір бұл құрам жолда, температура режимі сақталған, вагон құрылғылары қалыпты жұмыс істеп тұр, жолаушылар тарапынан шағым жоқ.
Осы факт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ облыстық филиалында қызметтік тексеру жүргізіледі,
— делінген хабарламада.