Қазақстанда ұлттық жоба аясында Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұрғын үй құрылысы көлемін азайту ұсынылды, деп хабарлады LS агенттігі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында тұрғын үйді іске қосу көлемі — 15,1 млн шаршы метр (137,7 мың тұрғын үй).
Бастапқыда 18 миллион шаршы метр үй салу жоспарланған еді. Дегенмен бұл көрсеткішті азайту ұсынылды.
Нұр-Сұлтан және Алматыда басшылығы инженерлік инфрақұрылым дайындығына қарай жыл сайын тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді ұсынды — елордада 2 млн шаршы метрден артық емес, Алматыда 1,5 млн шаршы метр. Бұл туралы мемлекет басшысына хабарланды. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, биыл тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын 15,1 млн шаршы метр көлемінде төмендету жөніндегі ұсынысты қолдауды және 2023 жылдан бастап жыл сайын 200 мың шаршы метр өсіммен тұрғын үй құрылысы көлемін қарастыруды сұраймыз,
деді Қайырбек Өскенбаев.
Министр урбанизация мен жаңа құрылыс көлемінің өсуіне байланысты жыл сайын қолда бар инфрақұрылымға жүктеме артып, энергия ресурстарына қажеттік артып келе жатқанын айтты.
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан мен Алматыда инженерлік инфрақұрылым, ауыз су, жылу және электрмен жабдықтау, кәріз ағындарын бұру тапшылығы байқалады.