Іле, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласы әкімдіктерінің басшылары экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.
Алматы облысының аумағында 351 стихиялық қоқыс орны анықталды, атап айтқанда Еңбекшіқазақ ауданында – 61, Іле ауданында – 91, Қарасай ауданында – 56, Талғар қаласында – 33 және Қонаев қаласында – 85. Оның ішінде 247 стихиялық полигон жойылды, 104-і жойылмаған күйінде қалып отыр.
Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың болмауына байланысты стихиялық полигондар ұзақ уақыт бойы жинақталатыны атап өтіледі, бұл көптеген жағымсыз салдарға әкеледі: топырақтың, атмосфералық ауаның ластануы, санитарлық жағдайдың нашарлауы.
Прокуратураның ұсынысы бойынша экология департаменті Іле, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласы әкімдіктерінің басшыларына әрқайсысына 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салды.