Жұмысшылар наразылығы 16 қыркүйек күні таңертең ұйымдастырылды. Қызметкерлер жалақының аздығына байланысты жұмысқа шықпады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бастамашы топ Алматыдағы «Қазпочта» филиалдарының бірінің ғимаратының алдына жиналды. Желілерде оқиға орнынан видео пайда болған. Видеоның сипаттамасында қазіргі уақытта кейбір қызметкерлердің жалақысы 80-90 мың теңге, ал пошташылардың айлығы 40 мыңға да жетпейтіндігі айтылған. Сондай-ақ жағдайға байланысты «Қазпочта» бөлімшелерінің жабылғаны атап өтілді.
«Қазпочта» баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыдағы почта директоры Алтын Садықова оқиға орнында барып, жұмысшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жұмысшылардың талаптарын талқылау үшін «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев Алматыға ұшып келді.
Филиал ғимаратының алдына жұмысшылардың бастамашыл тобы жиналып, жалақыны көтеруді талап етті. Жалақы мөлшері тураы айтылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Мұнда төрт пошташы жұмыс істейді. 0,3 мөлшерлеме, яғни толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы айына 24 сағатты құрайды.
Қазіргі уақытта «Қазпочта» АҚ жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтіндердің саны 47 адамды құрайды. Бұл ретте компания өз қызметкерлерімен ашық диалог жүргізуге дайын және жағдайды реттеу үшін барлық шараларды қабылдайды,
деп хабарлады Қазпочта.
Бұл ретте шереуілге шыққандар жалақыны 250-300 мың теңгеге көтеруді талап етіп отыр.
Айлығымыз аз. “Қазпоштаның” материалдық жағдайы өте нашар. Еденді өзіміз жуамыз. Негізі клининг компаниямен келісім бар. Бірақ олар бізге мүлдем келмейді.
Ешқандай әлеуметтік пакет, еңбек демалысы деген жоқ. Ауырып қалып, демалысқа шықсақ орнымызға адам бөлмейді. Басшылық біздің айтқан талаптарымызды мүлде тыңдамайды,
дейді жиналғандар.