Алматыда екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында өрт сөндіруші қаза тапты.
Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.
Ведомствоның хабарлауынша, 25 желтоқсанда сағат 16.56-да Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру есептоптары Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіруге шықты.
Қызметтік борышын атқару кезінде екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы қайтыс болды.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жүргізуде. ТЖМ Әділет Аянұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Ол сауатты, өз ісінің маманы ретінде мәңгі есімізде қалады,
делінген ТЖМ ақпаратында.