«Біздің сүйікті дәрігер» — Шәкен Айманов қойған «Қазақфильмнің» туындысы. Аталған туындыда Юрий Борисович дәрігердің рөлін шеберлікпен сомдады.
Танымал театр және кино актері Юрий Борисович Померанцев 2022 жылдың 23 наурызында 99 жасында дүниеден озды.
Жақында Алматыдағы М. Лермонтов атындағы ұлттық орыс театрының алдында «біздің сүйікті дәрігерімізге» арналған ескерткіш бой көтерді.

Қазақстандық театр өнерінің аңызына айналған тұлғаны отандастары ерекше қимастықпен еске алады.
Юрий Ұлы Отан соғысына қатысып, жарақатпен оралды. Қазақ КСРО Жоғары кеңесінің депутаты болып, қоғамдық қызметке белсене араласты.
«Ерлігі үшін» медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақстан Республикасының «Отан» жоғары орденімен марапатталған.
Сексен жылға жуық сахнадан түспеді. 1943 жылы басталған өнер жолында Абай атындағы опера және балет театрының хорында өнер көрсетті, кейін Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында актер ретінде жұмыс істеді, 1954 жылдан бастап Лермонтов атындағы орыс драма театрына жұмысқа орналасып, үш жүзден астам рөлді сомдады. Кеңес кинематографиясының алтын қорына енетін фильмдерге түсіп, өзі де режиссер ретінде кино түсірді.
Мейіргүл Оңғарова