Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуінде LRT жобасына байланысты өз жауабын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әкімнің халықпен кездесуінде LRT мәселесі де қозғалды. Тұрғындардың бірі Төле би көшесіндегі жағдайды ретке келтіруді сұраған. Яғни, ол бұрынғы трамвай орны бордюрмен қоршалып, көлік кептелісін одан сайын арттырғанын және сол көшені дұрыстау керегін айтқан еді.
Бірақ Ерболат Досаев ол көшедегі мәселені алдағы уақытта LRT жобасымен байланыстырып нақты шешетініне тоқталды.
Сәуір айының басында мен қалада LRT-ні қалай салатынымыз жайлы жауабымды беремін. Сол уақытта көресіздер. Жоба толық дайындалғаннан кейін сол көшедегі кептеліс мәселесін бірге шешетін боламыз,
деді әкім.
Еске сала кетейік, Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісі 2027 жылы іске қосылатыны белгілі. Бұл туралы «Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» бекіту бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясында әкім орынбасары Асқар Амрин айтқан болатын.