Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында Назарбаев даңғылын «Қаңтар» даңғылы етіп өзгерту ұсынылмақ. Қоғамдық кеңес мүшесі Әсет Наурызбаев бұл ойын әлеуметтік желіге жазды. Қала тұрғындарынан көптеген өтініш түсуі себепті осындай бастама көтеруге оқталған, деп жазды Халық Үні.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Қаңтар» мәселесін талқылаған кезде үнемі қала тұрғындары «қаланың орталық даңғылы елдегі саяси оқиғаларға көп жағдайда кінәлі адамның атымен аталуы мүмкін емес» деп жазып жатады. Және басым көпшілігі ең дұрыс атау «Қаңтар» дегенге келіседі.
Атауын өзгертетін жергілікті мәслихат. Сондықтан қоғамдық кеңес солай шешкен күннің өзінде ол әлі көше атауы өзгереді дегенді білдірмейді. Ал «қаңтар» оқиғасы құрбандарына арналған ескерткішке қатысты ойына келсек, әрқилы пікір барын айтады. Оның пікірінше, жалпы, мұндай ескерткіштің болғанының өзі жақсы. Дегенмен, ондағы еркін үлгіде жазылған цитаталарды бәрі байқаған.
Қазір Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау мәселесі маңызды болып тұр. Көпшілік оған қарсы, қалада оның есімімен аталатын көшенің болғаны да дұрыс емес. Негізгі мәселе — Назарбаевтың саяси тұлғасында. Сондықтан оған Астана мәртебесінен айырып тастаған Алматы мен жылдар бойы қалыптастырған жүйесіне қатысты саяси бағасын беру керек. Сол үшін көше атауын өзгерту керек. Ал оған ең көп ұсынылып жатқан атау – «Қаңтар»,
дейді қоғам белсендісі.
Ал Тұңғыш президент саябағында тұрған Назарбаев ескерткішіне келсек, Әсет Наурызбаевтың пікірінше, оған да байыппен қарау қажет. Өйткені, ескерткіш те тарихтың бір бөлігі. Мысалы, Испанияда Франконың кім екенін бәрі жақсы білсе де оған ескерткіш қойылған. Біз де елімізде қандай масқара жағдай болғанын ұмытпауымыз керек. Қалай өмір сүргенімізді есімізден шығармауымыз керек.