Президент алдағы үш жылдың ішінде шаһардың тұрғындары үшін ауыз суды қолжетімді етуді тапсырды.
Президент Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет екенін айтты.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын,
деді Президент.
Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосуды тапсырды. Наурызбай және Алатау аудандарын су жинайтын жаңа орталықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды. Жоба сәтті іске асқан жағдайда, 150 мың адамға су беріледі. Сондай-ақ Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесі де іске қосылуы мүмкін.
Мемлекет басшысы әкімдікке ескірген коммуналдық инфрақұрылымды жаңартып отыру керек екенін ескертті.
Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек. Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.