Инсайдер

Англияда 2672 қазақ жүр

Қазақтар неге Англияны төңіректей бастады? Seasonal worker визасының басымдығы неде? Ағылшын фермерлері қанша төлейді? Жұмысшы визасын қалай алуға болады? DALA INSIDE осы тақырыпқа тереңірек үңілуге тырысты.

Соғысқа дейін Англиядағы «маусымдық жұмысты» негізінен Украинаның қыз-келіншектері мен ер-азаматтары атқарған екен. Мәселен: 2021 жылы 19 мың украин азаматы осы визаның мүмкіндігін пайдаланып, ағылшын фермерлерінің бау-бақшасын қорыған.

Путин шапқыншылығы украин халқын қолына қару алуға мәжбүр етті. Салдарынан жазғытұрым Англияға ағылатын жұмысшылардың саны да айтарлықтай азайған. Былтыр Seasonal worker визасы арқылы 7300 украин азаматы «қарға қууға» келген. Бұл адам күшіне мұқтаж Англияның фермерлері үшін жеткіліксіз.  Жергілікті тұрғындар мұндай жұмысқа бара бермейді. Соғыс та ұзаққа созылатын сыңайлы. Енді не істемек керек?

Тығырықтан шығу үшін осы елдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты департаменті (қысқаша DEFRA) Орта Азияға мойын бұрады. Өз еліндегі жоқшылық пен таршылықтан қажыған қазақ, өзбек, қырғыз Англияға ағылады.

Тап қазір ағылшын елінде 2672 қазақ жүр. Былтырғы Seasonal worker визасынан осынша жолдама бұйырған. Қырғыздардың саны бізден екі есе көп (4341 адам). Өзбектер де аз емес (4233 адам).  Тәжіктер де 4 мыңға жетеқабыл (3894).

Өткен жылғы «seasonal worker-ден» берілген 34 500 визаның 44 пайызын Орта Азиядан келген жұмысшылар «иемденіп» кеткен. Англияны «станнан» келген жұмыс күші жаулап алды деуге негіз бар.

Бұл үрдіс Кремльдің Орта Азиядағы ықпалын әлсіретеді. Өзбек пен қырғыз, тәжік мигранттары үшін Ресей нарығының тартымдылығы төмендейді. Олар Батыстың құндылықтарын бойына сіңіріп оралады.

Орыстар ше? Олар өзінен көрсін. «Seasonal worker» визасының дәмін татып, қызығына кіре бастаған шақта (2021 жылы 2200 ресейлікке жолдама берілген) Путин шатақ шығарды. Британия агрессор елдің азаматтарына берілетін жолдама санын күрт қысқартып, жұмыс іздеп келген жүздеген орысты келген ізімен кері қайтарған. Былтыр бұл визаға бар болғаны 500 ресейліктің өлдім-талдым дегенде қол жеткен.

 Ал шетелге кеткісі келетін қазақтар мына мүмкіндікті мүлт жібермеуі тиіс:

Келер жылы Seasonal worker визасы арқылы берілетін жолдама саны ұлғаяды. Бұл үшін премьер Риши Сунакқа арнайы алғыс айту керекпіз. Жонсон үкіметі маусымдық жұмыстың ережесін қайта қарап, квота санын қысқартпақ болған. Оның орнын басқан Сунақ (құдай тілеуіңді берсін) керісінше квота санын көбейтуге шешім қабылдады.

Биылдыққа берілген жолдама саны 45 мың виза. Алдағы жылы да осы көлемдегі квота беріледі. Қажет болған жағдайда Сунак үкіметі жолдама санын тағы 10 мыңға ұлғайтады. Бұл тек бау-бақшамен байланысты виза, бұған қоса құс шаруашылығынан хабары бар қазақтарға арнап  қосымша 2 мың жолдама бөлінген.

Ағылшын фермерлеріне жалданып, тәуір табыс табуға мүмкіндік беретін жолдаманы Англияның Ішкі істер министрлігі таратады. Көші-қон критериімен осы тұстан таныса аласыз.

Seasonal worker визасы аты айтып тұрғандай маусымдық жолдама. Британияда тұру уақытыңыз шектеулі (6 ай), премьер Сунактан жеңілдік талап етіп, пикет өткізе алмайсыз, отбасыңызды әкелуге де рұқсат етілмейді.

Маусымдық жұмысшылардың қағаз-құжатын рәсімдейтін ресми тіркелген 6 оператор бар. Бұлар:

• AGRI-HR

• Concordia

• ethero (trading as TELPASC)

• Fruitful Jobs

• HOPS Labour Solutions

• Pro-Force

Ағылшындар маусымдық жұмысшыларды осылар арқылы жалдайды. Британдар біздей емес, виза рәсімдеумен айналысатын компанияларға қатаң талап қойған.

Операторлар жұмысшылармен хат – хабар алмасып, олардың жалақысы үзілмей төленуін қадағалап отыруға міндетті. Англияға апару үшін пара дәметкен компания «қара тізімге» енеді. Виза алған азаматтардың 97 пайызы жұмыс орнына кешікпей келуі және белгіленген мерзімде (6 ай) Англияның аумағынан шығып кетуі тиіс. Жұмыс беруші жұмысшыларды жатын орынмен қамтамасыз етеді. Оны да операторлар бақылайды. Айтылған талаптың бірінен ақау шықса әй-шәйға қарамай лицензиясынан айырады. Ағылшын тілін білу шарт емес. Ілгерідегі 6 оператор іріктеуден өткен азаматқа Англияға баратыны туралы сертификат береді. Жақсы өмірге жол ашатын бір тілім қағазға қол жеткізсеңіз өзгесінің жүгі жеңіл. Осы сертификат ертеңгі күні Англияға барғанда

Сізге сағатына 10,42 фунт стерлингтен кем төлемейді және жұмыс уақытыңыз аптасына 32 сағаттан аспайды,

деген кепілдік береді.

Англиядағы жұмысшы қазақтар тек «қарға қуып» жүрмегені анық. Бау-бақшамен байланысты маусымдық жұмысқа: дәнді-дақылды жинау, өңдеу, арамшөп жұлу, суару жүйесін жүргізу, жер жырту, туннель тазалау, жылыжайдағы көкөністер мен жеміс-жидек күтімі сынды міндеттер кіреді. Қазақтың қыз-жігіттері Англияның бау-бақшамен айналысатын екі ірі өлкесі Кент және Херефордшир қалашығында еңбек етуде.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago