Психотерапевт Жібек Жолдасова соңғы кездері түрлі той-жиындарда үлкен кісілер дастарханға отырған сәттен үстелдегі тағамдарды пакетіне сала бастайтынын жиі байқайтынын жазған. Айтуынша, апа-әжелер тағамдарды жоғары жылдамдықпен пакетіне салып алатыны сонша, кейде басқалары дәмнен ауыз тиіп те үлгермейді. Осылайша қазіргі апалар жап-жақсы «сарқыт алу» дәстүрін түккөрмегендікке айналдырған.
«Жап-жақсы дәстүрлерді шектен шығарып, ақымақтыққа айналдыратын жағдайларды қалай атауға болатынын білмеймін. Бәлкім, бұл мидағы дегенеративті өзгерістердің басталуы, немесе жылдар өте тәрбие жойылып, оның орнына «мұнда ең үлкені менмін, бәрі мені сылауы керек, сондықтан не істесем де өзім білем» деген бассыздық келе ме?»
деп бастады жазбасын Жібек Жолдасова.
Бұрындары ата-әжелеріміз кішкентай бет орамалы немесе газетке ет пен кәмпитті орап, немерелеріне теңдей үлестіріп берсе, қазіргілер бір аптаға жететін қор алып жатқандай болады. Олардың әрекеттеріне қарап, той-жиынға осы сарқыт үшін ғана келді ме деген ой қалыптасады, дейді Жолдасова.
Сарқыт алу — кез келген той-жиынның ажырамас бөлігі. Алайда ежелден ол жиын соңында, жұрт тарқасатын тұста жүзеге асып келген. Әдетте, іс-шара иелері той аяқталарда пакет немесе пластикалық қораптар таратып, дәмді өздерімен алып кетуді ұсынады. Қазір бұл ритуал үстелге отырар-отырмастан жасалатын болған.
Дәрігер жақында өзі куә болған жағдайды әңгімеледі.
Жақында бір іс-шарада болдым, тәтелер үстелге отырғаннан бастап бәрін өз пакеттеріне сала бастады. Басында жиын иелері мұның бәрін әзілмен жуып-шаюға тырысты. Бірақ тәтелер біртіндеп барлық тағамдарды өздеріне қарай жылжыта бастады. Жақын жерде отырған жастар жегісі келсе де үндемей отыра берді. Ыстық тамақты жастарға қарай жылжытайық деген той иелерінің ұсынысына тәтелер ренжіп, өздерін құрметтеуді талап етті. Яғни, мұндай адамдар іс-шараның аяқталуын күтпейді, олар бәрін алып кетуді ойлап тұрады, және тағамнан ешкім ауыз тимегеніне олардың түкіргені бар,
деп қорытындылады Жібек Жолдасова.
«Масқаралық емей, немене?» дейді Жолдасова.