Елордада мемлекеттер мен үкіметтер басшысы қатысуымен ірі халықаралық іс-шараларды өтетіндіктен Астана полицейлері бүгіннен бастап қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттері базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтіледі. Бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырады.
Көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап “Учаске” Республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылады.
Өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскесінде қозғалысты уақытша ішінара шектей отырып, күзетілетін адамдарды сүйемелдеу жүргізіледі,
делінген хабарламада.
Астананың Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды және ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынады. Қауіпсіздік және көлік кідірістерін болдырмау үшін жол жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ұсынады.