Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Нұр-Сұлтанның бұрынғы атауын қайтару туралы мемлекет басшысының көзқарасын мәлімдеді.
Руслан Желдібай депутаттардың бұл бастамасы туралы білетінін айтты.
Депутаттардың бұл бастамасы туралы президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтінішіне сүйенді,
деп жазды ол Fаcebook-парақшасында.
Мәжіліс депутаттарының ұсынысы мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.
Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә.Назарбаевтың шешуші роль атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалуға тиіс,
деп жазды Руслан Желдібай.
Айта кетейік, бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы астананың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынған еді.