Астанада №65 мектептің директоры әрі мәслихат сайлауына кандидат ретінде тіркелген келіншек күйеуін пышақтап өлтірді.
31 арнаның хабарлауынша, қайғылы оқиға күндіз ерлі-зайыптылардың шаңырағында болған. Ішкі істер органдарының мәліметінше, қарапайым отбасылық жанжал осылай бір жанұяның қара жамылуына әкеп соқты.
Бір анығы,
34 жастағы мектеп директоры суық қаруды қорғану мақсатында пайдаланған.
Бір айға еңбек демалысына өтініш жазып кеткен директор бар-жоғы алты күннен кейін осындай ауыр жағдайға тап болды. Еңбек өтілі он жылдан асатын биология пәнінің мұғалімі, кейіннен директор болған Нұргүл Елекеева өз ісіне тиянақты, жауапты маман, дейді бірауыздан мектеп ұжымы.
Құзырлы органдардың айтуынша, әуелі күйеуі пышақпен әйелінің мойнын тіліп өтіп, сосын кеуде тұсын жарақаттаған. 34 жастағы келіншек өзін өзі қорғау мақсатында жарына суық қару ала жүгіріп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталыпты.
Қазір мектеп директоры бірнеше дене жарақатымен хирургия бөлімінде жатыр. Ота жасалып, денсаулығы бірқалыпты болған соң тергеу амалдары басталады.