Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мұнай айдау станцияларындағы апат салдары жайлы пікір білдірді.
27 шілдеде Атырау облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жоғары вольтты электр желілерінде жарық өшіп қалды. Бұл мұнай өңдеу зауытының апатты түрде тоқтатылуына және Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) проблемаларға себеп болды. Кәсіпорынның баспасөз қызметі оқиғаның мұнай жөнелтуге әсер етпегенін айтты.
«Құрманғазы» мен «Исатай» мұнай айдау станциялары электр желісінен ажыратылды. Бұл осы айдағы жүк жөнелту кестесінің орындалуына әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта КҚК теңіз терминалында мұнай жөнелту қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр,
деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі.
Станциялардың негізгі жабдығы резерв көздерден қоректенеді, объектілерге төтенше жағдай қаупі төнбейді. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда сорғы жабдықтарын іске қосу технологиялық жағынан мүмкін емес.
Қазіргі уақытта жөндеу бригадалары мен еліміздің сол саладағы қызметтері технологиялық бұзушылықтарды жойып жатыр,
деп хабарлады консорциум.