Астанада қазақ-ауған экономикалық форумы басталды. Осы тақырыптың өзі елдің езуіне күлкі үйіретіні анық, дейді желіде Дәнеш Асқарбекұлы Байболатов.
Біріншіден, қазақ үкіметі Қазақстанның Жоғарғы соты экстремистік деп таныған және қызметіне тыйым салған Талибан қозғалысының 200 шақты өкілімен бір үстел басында екі жақты сауда-саттық туралы келіссөз жүргізеді. Анекдотқа бергісіз жаңалық.
Екіншіден, қазақ үкіметі Ауғанстанға жылдамдығы жоғары интернет орнатып бермек. Мынаны оқығанда жымиып қана қоймай, күлкіден жарылған шығарсыз?
Үшіншіден, тәліптердің экспортқа не шығаратынын көріңіз: апиын, жеміс, жаңғақ, кілем, жүн, мақта, шафран секілді дәмдеуіштер мен дәрі шөптер.
Негізі, Қазақстанның сыртқы саясаты біздің билікті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Кремльдің саясатымен синхронды түрде жүретіні бұрыннан белгілі. Бірақ «Жаңа Қазақстанда» бұл жағынан тіпті тонның ішкі бауындай дейтін жағдай қалыптасты.
Өткенде ғана Ресей күзде Талибанмен терроризммен күрес тақырыбын арнайы форумда талқылайтынын мәлімдеген. Өзі террористік деп таныған үкіметпен Кремль терроризм туралы сөйлеспек.
Алқаштарды жинап алып арақтың зияны туралы мәлімдеме жасаған
сияқты дүние ғой бұл.