Адамның өміріне байланысты ананың құрсағындағы мерзімді есептеп, бірінші мүшелді 13 деп алған. Одан кейінгі мүшел жас әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырған. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады.
Халықтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі бөліністері мен мүшел санау үрдістері қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яғни қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеуді білдірді. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады.
1 - мүшел – 13 жас (ер жете бастау)
2 - мүшел – 25 жас (жігіттік жас)
3 - мүшел – 37 жас (ақыл тоқтау)
4 - мүшел – 49 жас (орта жас)
5- мүшел – 61 жас (егде жас)
6 - мүшел – 73 жас (қарттық)
7 - мүшел – 85 жас (кәрілік)
8 -мүшел – 97 жас (қалжырау)
9 - мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)
10 - мүшел – 121 жас (немене сүю)
Алғашқы мүшел – 13 жас. Бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер баланың дауысы өзгеріп, қыз баланың дене бітімі толыса бастайды.
25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайды.
49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.
61 жас – егде жас. Адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезі.
73 жас – қарттықтың басы. Бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «ай хай, жас кезім-ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
85 жас – кәрілік. Бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсысып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелейтін кезеңі.
Жеті мүшелден кейін «сарқыншақ», «таусыншақ» деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).