Обалы ел билеген оспадарларға.
Бір ғана сурет шын Қазақстанның көрінісін беріп тұр. Не деген символика?! Ресей империясында туып-өсіп, кейін Қарағандының көмірін игеруге келген Костенко атындағы шахта.
Тәуелсіз Қазақстанда сол баяғы Лениннің суреті тұр қасқайып. Сол орыс тілі.
Қазіргі күн екенін тек көлік нөмірлері ғана айғақтап тұр. Сол 89-шы жылғы УАЗ. Ғайыптан тайып келіп қалған иномарка.

Жаңа ел боламыз деген де бос сандырақ екеніне мынадан кейін көз жеткізбей көр
Президент жәп-жақсы бастап еді, аяғы әдеттегідей болып келе жатыр. Нұрекеңе жәрәйді, тиіспей-ақ қойсын. Құрметтейік ал ол ақсақалды. Ал тамшы терін тамызбай миллиардтап басып қалған жақындары ше? Қ.Боранбаев оның жақыны емес, шындап келгенде. Алыстан қосылған құдасы. Сол ғана. Неге қыздарының былықтары ашылмайды. Түк бітірмей мультимиллиардер болып кеткен жиендерін неге құстырмайды. Кешегі Нығматулиндар қайда? Утиль алымның түбі қыздың біреуіне барып тірелмеді ме.
Бәрі өтірік, бәрі перденің артында.
Ал қаза шындық.
Шындық болғанда да ауыр һәм қасіретті шындық.
Қаза тапқандарды жаратқан мейіріміне алсын. Өз елінен, өз мемлекетінен мейірім көрмей, құдай берген күнді көрмей, қабірде жүргендей күн кешіп жүріп, жарық дүниеге шыға алмаған күйі кеткендердің обалы ел билеген оспадарларға.
Байғұс төрт сәбидің өлімі де соларға. Өртеніп кеткен 5 сәби де, ана дүниеде жағаларына жармасады әлі.
Біз айтамыз да қоямыз.
Ертең әрбіріміздің жағамызға сол жазықсыз сәбилердің қолы жармаспасына кім кепіл?
Өйткені бәріне көз жұма қарап, етімізді өлтіріп алған қой секілді тұяқ серпуге жарамаған біздер де кінәліміз.
Біз бір-бірімізді жүндей түтуге ғана әліміз жететін сорлымыз.
Құдайдан безген, киігін қырған, Абайын ұрған қазақпыз.
Қайтейін,
деп күйінеді актер Нартай Сауданбекұлы.