Солтүстік Қазақстан облысында рейдерлікпен айналысып, шаруаларды тонап, егістіктерді өртеп, мал барымталайтын бандиттік топтар пайда болған.
Бұл туралы «Барс» шаруа-фермерлік қожалығының басшысы және «Салахадин» ЖШС-ің директоры Бари Амоев арнайы баспасөз-мәслихатында мәлімдеді, деп жазды DALA INSIDE.
Мағжан Жұмабаев ауданында егін далаларын өртеп, мал мен техниканы ұрлап, механизмдер мен агрегаттарды істен шығарып, шаруашылықтың жұмысшылары мен олардың отбасыларына қоқан-лоқы көрсететін қылмыстық топ пайда болған.
Осы бандиттерден өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңынан бері дәнді дақылдар өсіріп, мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Бари Амоев та зардап шегіп отыр.
Жергілікті қарақшылар мені екі рет өлтірмек болды, кездейсоқ оқиғалардың салдарынан олардың пиғылы жүзеге аспай қалды. Мәселен, 2000 жылы түнгі уақытта үйіміздің есігін сыртынан тіреп қойып, өртеп жіберді. Денемді күйік шалғанымен аман қалдым,
дейді Бари Амоев.
Оның айтуынша, ол бірнеше рет өз шаруашылығына Қазақстанның өзге облыстарынан жұмыскерлерді отбасыларымен бірге шақырып, оларға үй-жай беріп, алғашқы уақытта ақшалай көмектесіп, мал беріп, жаңа жерде үйренісуіне жағдай жасаған. Алайда, олардың үйлеріне түн ішінде еңгезердей жас адамдар келіп, балағаттап, қорқытып үркіткендіктен адамдар отбасыларын алып, үйлерін тастап қашқан еді.
Ауылда шаруашылықта жұмыс істей алатын еңбекке жарамды адамдар болғанымен шаруа қожалығының басшысына комбайнерлерді, шопырларды, механиктерді және басқа мамандарды Қазақстанның өзге өңірлерінен шақырып, олар өздерін қорғай алатындай бір жерге орналастарып қоюға тура келеді.