Осылай деді президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда президент премьерге тапсырма беріп, өзі «сүттен ақ, судан таза» болып отырады.
Мейрам Қажыкен Премьер-министрің атқаратын міндетін түсінбейді. Президент бар кезде, бұл қызметтің қажеті жоқ дейді, деп жазды Masa.media.
Президент — білім, әлеумет, денсаулық сақтау салалары бойынша міндеттерді мойнына алады. Премьер-министрді шақырып алып, тапсырма беріп, орындағанын күтіп отырмай, ол осы жұмыстарды өзі жүзеге асыруы тиіс. Күндіз-түні заң шығарумен, министр, әкімдермен жұмыс істеуі қажет. Премьердің қажеті жоқ. Президент «сүттен ақ, судан таза» да, тапсырманы орындайтын премьер-министр ақымақ па сонда?
деді Қажыкен.
Қазір президенттікке үміткерлер ел аралап, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, әлеуметтік желіде сарапшылар мен тәуелсіз журналистер сайлау науқанының дүбірі сезілмейтінін жазуда. Олардың сөзінше, әлі күнге дейін кандидаттар немесе олардың өкілдері келмеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Оған қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен және Салтанат Тұрсынбековалар қатысады. 11-қараша күні «Хабар» арнасында үміткерлер арасында дебат болды. Оған Тоқаевтан басқа үміткерлердің барлығы қатысты. Тоқаевтың орнынан оның сенімді өкілі, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сөйледі. Бұған дейін Қошанов мемлекет басшысының қызметтен қолы босамайтынын, дебатқа қатысуға уақыты жоқ екенін айтқан. Дебат өткізу үшін «Хабар» арнасына 63 миллион теңге бөлінген.
Биылғы кезектен тыс президент сайлауына оппозиция мен азаматтық қоғам атынан бірде-бір кандидат қатысқан жоқ. Тәуелсіз сарапшылар сайлауды қуыршақ кандидаттардың ойыны деп бағалаған.
Қазақстанда болған сайлауларды батыс елдері мен халықаралық ұйымдар бірде-бір рет әділ өтті деп мойындаған емес.