Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасы бойынша Қазақстанға жұмыс істеуге баратын ресейліктердің саны екі есеге өскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, егер 2021 жылы Қазақстанға жұмысқа орналасу мақсатында Ресейдің 31 600 азаматы келсе, былтыр 63 000 ресейлік келген.
ЕЭК Еңбек көші-қоны және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Алтынай Өмірбекованың айтуынша, статистика тек жұмыс істеу мақсатында келген жұмыс істейтін адамдар бойынша жүргізіледі.
«Біз тек жұмысшылар туралы, яғни белгілі бір елге еңбек қызметін жүзеге асыруға нақты мақсатпен келетін адамдар туралы статистика жүргіземіз. Олар – тіркеу кезінде еңбек шартын ұсынатын адамдар. Жалпы қанша адам көшіп келгенін шекара және көші-қон органдары айта алады. Себебі адамдардың мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін, біз тек жұмыс істеуге келетін адамдарды ғана тіркейміз», — деп атап өтті Алтынай Өмірбекова.
Жалпы ЕАЭО елдерінде 1,5 миллионнан астам еңбек мигранттары бар. Олар – еуразиялық экономикалық одақ ішінде жұмыс іздеп жүрген адамдар. Олардың басым көпшілігі, яғни 95 пайызы Ресейде жұмыс істейді.