Былтыр Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қарашығанақ, Қашаған және Каспий маңындағы ең ірі Теңіз мұнай өндіру орындарынан 60,7 млн тонна қазақ қара алтыны жеткізілді. Енді дәл осындай көлемді балама жолдар арқылы Қазақстан әлемге жеткізе ала ма, «Ритм Евразии» басылымы саралап көрген екен.
Басылымның мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мен оның Новороссийскідегі мұнай құю терминалының жұмысы соңғы уақыттары бірнеше рет тоқтатылғаннан кейін Нұр-Сұлтан өз мұнайын экспорттаудың жаңа жолдарын іздеуге кірісті.
Шілдеде қазақстандық көшбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан басталатын, ал Қазақстаннан кейін Каспий теңізінің акваториясы арқылы өтіп, одан әрі Әзербайжан, Грузия және Түркияға, одан әрі Еуропаға баратын Транскаспий бағыты басым бағытқа айналуы тиіс деп мәлімдеді. Және осы бағыт бойынша жеткізілімдерді арттыру жөніндегі жұмысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тапсырды.
Осыдан кейін бірқатар сарапшылар Қазақстан мен Ресейдің осы саладағы ынтымақтастық ғасыры аяқталғаны туралы айта бастады.
12 тамызда «ҚазМұнайГаз» Әзірбайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясымен жылына 1,5 млн тонна мұнай жеткізу туралы алдын ала келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Келісімшартқа қол қою жаздың аяғында күтілді, ал Сангачлы терминалындағы жұмыстарға байланысты қуаты шектеулі Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) құбыры арқылы транзит қыркүйек айында басталуы керек еді. Бұдан басқа, 2023 жылы Қазақстан Қара теңіздегі грузиндік Супса портына басқа Әзірбайжан құбыры арқылы тағы 3,5 млн тонна мұнай жібереді деген уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алайда, екі бағыт бойынша жеткізілімдердің жиынтық көлемі Қазақстанның КҚК бойынша экспортталатын көлемінің бар-жоғы 8%-ын құрайды. Жаңа бағыт жұмыс істеп кетсе де қазақстандық экспорттың жалпы бағытын өзгерте алмайтыны белгілі және Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасындағы қарым-қатынас бұзылуға тіпті себеп бола алмайды.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда Ресей арқылы өтетін қазақстандық мұнай экспортының тіпті жартысын да таяу болашақта басқа бағыттарға көшіру мүмкін емес.
Атап айтқанда, әртүрлі бағалаулар бойынша Қазақстан Әзірбайжан мен Грузия арқылы Еуропаға жылына 4 млн тоннаға жуық мұнай жеткізе алады, бұл Новороссийск арқылы өткізуден айтарлықтай аз. Негізгі балама жолдардың бірі ретінде қарастырылып отырған Транскаспий бағыты бойынша, ең көп жүктегеннің өзінде жылына 15-20 млн тонна экспорттауға болады. Алайда, ол үшін Каспийдің шығыс жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға бірнеше миллиард доллар салу қажет болады.
Бұл жағдайда қазақстандық мұнайды сыртқы нарықтарға жеткізу жөніндегі көлік жүйесі әуел бастан КҚК, яғни Атырау–Новороссийск құбыр желісі және ішінара Атырау–Самара мұнай құбырына негізделіп жасалғанын ескеру қажет. Қазақстаннан Әзірбайжанға мұнайды ауыстырып тиеу үшін Ақтау порты пайдаланылады, мұнда жеткізу темір жол көлігімен жүзеге асырылады және жылына шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Экспортты кеңейту үшін Ақтауға дейін ұзындығы 700 км, содан кейін Каспий теңізінің шығысынан батыс жағалауына дейін тағы 400 км құбыр жүргізу жүйесін салу қажет.
Алайда, бұл жерде тек ақшаға ғана қатысты емес мәселе бар. Каспийдің құқықтық мәртебесіне байланысты су асты құбырларының құрылысы, соның ішінде РФ және Иранмен келісілуі тиіс. Сонымен қатар, Бакуде де, Нұр-Сұлтанда да Каспий теңізінде жеткізілімдердің күрт өсуін қамтамасыз ету үшін танкерлердің жеткілікті саны жоқ екенін есте ұстаған жөн. Жалпы, сарапшылардың пікірінше, егер Қазақстан мұнай жеткізілімдерін әртараптандыру туралы шешім қабылдаса, Әзірбайжан қолда бар және болашақта жоспарланған қуаттылықтармен өзінің құбыр жүйесі арқылы жылына 10 млн тоннадан артық тасымалдай алмайды.
Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры арқылы Brent сортына қарағанда қымбат тұратын Azeri Light жеңіл мұнайы ағатынын ұмытуға болмайды.
Қазақстан мұнайы анағұрлым күкіртті және ауыр, яғни, мұнайдың екі сортын бір құбырда араластыру кезінде сапасы жоғалады, сондықтан Қазақстанға неғұрлым жоғары тарифтер қойылуы мүмкін, соның нәтижесінде осындай жеткізілімдердің рентабельділігі туралы мәселе туындайды.
Сонымен бірге, экспорттық ағынды қайта бағыттау жағдайында қазақстандық мұнай Ресей мұнайымен, мысалы, Ресей Федерациясынан көмірсутектерді үлкен жеңілдікпен сатып алатын Қытай бағытымен бәсекеге түсуі мүмкін. Қазақстанға өзінің қара алтынын өндіру шығындарына қарағанда арзанырақ сату тиімді болмасы анық.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан әлі де Мәскеумен серіктестік қарым-қатынасты сақтауы керек, бұл да түпкілікті шешім қабылдауда өз ізін қалдырады.
Осының барлығы, сондай-ақ геосаясат мәселелері қазақстандық мұнай экспортын әртараптандыру жөніндегі жобаларды алыс болашақтың тұманды перспективасына айналдырады,
деп қорытындылады басылым.