Атыраудағы мектептердің бірінен шу шықты. Ата-аналар жоғары сынып оқушылары бастауышта оқитындарды ұрып-соғып, ақша жинайды деп шағымданды. Одан сорақысы, сол жеткіншектерге күштеп бас айналдыратын ұнтақтар иіскетеді екен.
Балаларда улану белгілері пайда болғаннан кейін ғана ата-аналар мектепте осындай жағдайлар болып жатқанын біле бастаған.
Қинап «жегізген»
Зәбір көрген балалардың бірінің анасының айтуынша, баласы мектептен бірнеше рет денсаулығы нашарлап келген. Бастапқыда бұған аса мән бере қоймаған ана ұлының телефонын көргенде ғана жағдайды толық түсініп, шошыған.
Бұл жағдайдан кейін ата-аналар бір-біріне хабарласып, мән-жайды анықтай бастапты. Балаларын сұрақтың астына алған. Олар 9-сыныптың оқушылары ұрып-соғатынын, ақша талап етіп, пышақпен қорқытатынын айтқан. Тіпті қағазға оралған белгісіз ұнтақ жасыратын жерге апарып, қолдарымен алып көрсетіпті.
Ұлының «таяқ жеп» жүргенін естіген тағы бір әке мектепке келіп, бейнебақылау камерасынан анықтамақшы болған. Бірақ жазбалар сақталмапты.
Ата-аналардың жанайқайын естіген тәртіп сақшылары мектептегі бұл жайтқа қатысты тексеру жүргізетіндерін айтты, ал белгісіз ұнтақ сараптамаға жіберілген.
Кейін белгілі болғандай, ұнтақ психотроптық зат емес және адам ағзасына зиян келтірмейтін болып шықты. Ол тез дайындалатын құрғақ сусын екені анықталған.
«Еңбегі сіңген» педагогтар
Бұл оқиғада ешкімнің басы жарылып, көзі шықпаса да, мектеп ұжымдарындағы мұндай мінез-құлық елеңдетпей қоймайды. Балаларда әлсіздерге әлімжеттік көрсету ұмтылысы қайдан пайда болады және мектеп қабырғаларында мұндай оқиғалар қаншалықты жиі орын алады?
Алысқа барудың қажеті жоқ: 2021 жылдың қараша айында Степногорск қаласындағы олимпиадалық резервтің мектеп-интернаты жанжал ортасында болды. Мұғалімдердің үнсіз келісімімен тәрбиеленушілерді тонау және ұрып-соғу үнемі орын алып келген. Сондай-ақ, бұл оқу орнының беделіне нұқсан келтірген бірінші жағдай емес: 2014 жылы оқушылардың бірі терезеден құлаған. Нәтижесінде тәрбиеленушінің жақ сүйегі сынып, бас сүйегі зақымданды, миы шайқалып, өкпенің зақымдануымен кеуде қуысы жарақаттанды. Сол кезде жәбірленушінің отбасы хабарлағандай, баланы алдын-ала ұрып-соғып, кейін терезеден лақтырып жіберген.
Алайда, бұл мәселе мектеп басшылығының «санасына» сол күйі жеткен жоқ. Интернат директорын алдымен қызметтен босатты, содан кейін мерейтойлық медальмен марапаттады. Бұл туралы оның жеке парақшасындағы жарияланымнан белгілі болды.
Тобыр эффектісі
Қазақстандағы ЮНФПА-ның 2020 жылғы брошюрасында мынадай деректер ұсынылған: қазақстандық балалардың 63%-ы зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке куә болған, 44%-ы буллинг құрбандары, жасөспірімдердің 24%-ы аталған деректердің бастамашылары болып табылады.
2018 жылы Ұлттық денсаулық сақтау орталығының зерттеушілері 6456 оқушыдан сұхбат алып, осыған ұқсас сұрақтар қойған.
Нәтижесінде оқу орындарында 11 және 13 жас аралығындағы әрбір бесінші және 15 жастағы әрбір оныншы бала қорлау құрбаны болатыны белгілі болды. Осы жастан кейін балалар арасында қорқытып-үркіту әрекеттері жоғала бастайды.
Тағы бір сұрақ, балалардың басқа балаларға қаншалықты жиі әлімжеттік көрсеткені туралы болды. Зерттеулер көрсеткендей, сауалнамаға қатысқандардың 8,3%-ы мұны айына бірнеше рет жасаймыз деген. Мұндай көрсеткіштер кибербуллингте де байқалады — 12%-ы кем дегенде бір рет оған ұшыраған.
Құрдастарынан басқаларға қарағанда жиі «таяқ жейтін» оқушының орташа портретін жасасақ, «көрсеткіштер» мынадай: бұл негізінен басқа мектептерден келген жаңа оқушылар; зеректігімен, түр-келбетімен, дінімен немесе отбасындағы қиын жағдайымен ерекшеленетін балалар.
Үлкендерді құрметтеу және оларға қарсы шықпау деген бала кезден берілетін тәрбие де жағдайды ушықтырады. Жоғары сынып оқушылары немесе тәрбиеші абьюзер болатын жағдайлар әсіресе шет мекендерде кең таралған тәжірибе. Әдетте, олар баланың беделіне әсер етеміз деген ниетінсіз қандай да бір атаулар ойлап табады, ал қалған балалар «қорлау эстафетасын» бірден іліп алады.
Әсіресе, отбасында проблемалары бар мектеп оқушылары қиын жағдайға тап болады. Отбасындағы атмосферасы жылы, ата-анасы немесе басқа туыстары балаға қамқор болатын кездерде балалар жүйелі шабуылға сирек ұшырайды.
Тәрбиелеу кеш пе?
Оқу орындарында әлімжеттік белең алғаны сонша, тәрбиелік әңгіме мәселені шеше алмайтыны анық. Кейбір агрессорлар өздерінің жазасыздығын сезініп, ересек өмірде де тәртіпсіздік жасауды жалғастырады.
Сод себепті Қазақстанға буллинг туралы заң қажет-ақ. Жаңа заң жобасында «буллинг» ұғымы заңды түрде бекітілетін болады. Құжаттың ресми атауы — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Бұл тек жанжалды жағдайлардың алдын-алу деңгейінде ғана емес, сонымен қатар қорлау, ұрып-соғу, бұзақылық, жала жабу немесе беделге нұқсан келтіретін ақпаратты тарату сияқты буллингтің түр-түріне негізделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы тармақтарды қарастырады.
Бірақ буллинг жағымсыз салдарға әкелгенде ғана арыз-талап қою мүмкіндігі болады. Бұл жәбірленушінің психологиялық жарақаттары немесе физикалық шабуылдардың салдары болуы мүмкін.
Құқық қорғаушылар атап өткендей, бұл тұрғыда «жазалау» емес, алдын-алу маңызды. Қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беретін заң — ең дұрыс заң.
Алайда отандық мектептерде мұндай оқиғалардың алдын алудың нақты жұмыс істейтін әдістері әлі күнге дейін жоқ. Бар жауапкершілік әзірше мектеп басшылығына жүктеледі, ал олардың арасында ережелерді елемейтіндер де, қатыгез мінез-құлыққа жол беретіндер де жиі кездеседі…