Қазақстан мен Өзбекстан бас бостандығынан айырылған, сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін бір-біріне экстрадациялайды. Мәжіліс депутаттары келісімді мақұлдады.
Бас прокурор Әсет Шындалиевтің сөзінше, бұл құжатқа қол қою үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірнеше жыл бойы келіссөздер жүргізілген. Қорытындыға дейін екі ел арасындағы көші-қон үдерісіне талдау жасалып, оның қылмыс жағдайына әсері зерделенді.
Келісімшартқа келсек, сотталушыны ауыстыру үшін бірінші кезекте оның келісімі қажет. Адам өз елінде жазасын өтеу ниеті туралы арыз беруі керек, яғни сотталушының келісімі ескеріледі. Мысалы, қазірдің өзінде елімізде жазасын Өзбекстанда өтеуге ниет білдірген сол елдің 225 азаматы бар. Ол үшін біз сотталғандар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Ал Өзбекстанда біздің 20 сотталған азамат бар. Олар да елге оралуға қарсы болмайды деп ойлаймыз. Шарттың ратификациялануы екі ел азаматтарының конституциялық құқығын қамтамасыз етеді,
дейді Шындалиев.
Экстрадициялау үшін сотталушының өз өтініші және оның келісімі талап етіледі. Осы елдің азаматы болуы керек, жазаны өтеудің қалған мерзімі кемінде бір жыл болуы керек. Екі ел де трансферге келісуі керек.
Бұл елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, ұлттық заңнамаға қайшы келсе және адам сотталуы немесе тергелуі керек болса, ол экстрадицияланбайды,
деді бас прокурор.