Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында бүгін Қазақстан құрамасы өз алаңында Даниямен кездесті.
Қазақстан құрамасы бірінші таймда 2 гол есебімен жеңіліп жатқан, бірақ екінші таймда қатарынан үш гол соғып кэмбек жасады. Есеп — 3:2.
Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен-ді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.
Күтпеген жеңіліске тап болған Дания құрамасының бас бапкері ойын жайында пікірін білдірді.
Каспер Юльманн ойынның соңғы минуттарында өз құрамасының нашар ойын көрсеткенін атап өтті.
Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның басым бөлігінде жақсы ойын көрсеттік. Ал соңғы 15 минут біз үшін өте қолайсыз болды. Бұл тактикаға қатысты емес. Көңіл-күйге байланысты. Бұл көрсеткіш соңғы рет қайталанып отыр деп ойлаймын,
деді ол.

Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.
Бүгін Н тобында, сондай-ақ Словения – Сан-Марино, Солтүстік Ирландия – Финляндия құрамалары кездеседі.