«Ашық НҚА» порталында бес жыл бұрынғы бұйрыққа біртүрлі тұжырымдамалары бар түзетулер енгізу жобасы пайда болды.
Құжатты қоғамдық талқылау 24 ақпанда аяқталады. Онда қандай қызықтар бар?
Тергеу қалай жүреді
«Азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 27 шілдедегі № 505 бұйрығына түзетулер енгізілгеннен кейін:
- 1-тараудың 2-тармағы келесідей болады: «Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексерудің жалғыз мақсаты болашақта авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды болдырмау болып табылады. Бұл қызметтің мақсаты біреудің кінәсінің немесе жауапкершілігінің үлесін белгілеу емес» (түзетулер енгізілгенге дейін тергеудің бірнеше мақсаты болған)
- 2-тараудың 2-тармағында 27-1 тармақша пайда болды: «Адам шығындары болған авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде тергеу жөніндегі өкілетті орган тергеу жұмыстарын толық немесе ішінара МАК-қа тапсырады. Бұл ретте МАК адам шығындары болған авиациялық оқиғаны тергеуді ұлттық заңнама негізінде жүргізеді, ал тергеу жөніндегі өкілетті орган тергеуге қатысу үшін өзінің уәкілетті өкілін тағайындайды»
Қарапайым тілімен айтқанда бұл нені білдіреді?
Бір қарағанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, өзі ұшуға рұқсат беретін пайдаланушылардың қатысуымен болған әуе оқиғаларын тергеу мақсаттарын түзете отырып, әуе көлігінде қайғылы жайттар болған жағдайда кінәлілерді іздеуден алдын ала бас тартып отырған сияқты.
Шын мәнінде, түзетулер біздің ішкі қазақстандық тергеу ережелерімізді Қазақстан қосылған Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы туралы конвенцияға (ИКАО Конвенциясы) сәйкес келтіреді.
Бір де бір халықаралық құжат тергеу мақсатында авиаинциденттерге кінәлілерді анықтауды көздемейді. Бұған қоса түпкілікті есеп пайда болғанға дейін құқық қорғау органдарының араласуына жол берілмейді. Сондықтан авиация жайлы оның ережелері қанмен жазылған деп айтады.
Қазақстанда осы негізгі түзетуге дейін әуе оқиғалары фактісі бойынша қылмыстық істерді жүргізетін полиция және прокуратура органдары жеткілікті дағдылары болмаса да арнайы комиссиялардың тергеу жұмыстарына араласа алған.
Мүдделер қақтығысы
Тағы нені атап өткен жөн?
Қазақстан 2017 жылғы бұйрықта да, сонымен қатар енді қабылданғалы тұрған жаңа түзетулерде де орын алған мүдделер қақтығысын іс жүзінде жойған жоқ
«Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі Комиссия жүргізіліп жатқан тергеу кезінде объективтілік пен бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Тергеудің тәуелсіздігі мақсатында авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия мүдделер қақтығысын болдырмауды ескере отырып қалыптастырылады», — делінген бұйрықта.
Бірақ әуе кемелерін пайдаланушыларды бақылайтын азаматтық авиация комитеті де, және ТЖ жағдайында комиссия жинайтын көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларын тергеу бойынша департаменті де бір мемлекеттік органға — Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бағынады. Авиаторлар көптеген жылдар бойы Департаментті не ТЖМ-нің қоластына жіберу, не дербес ведомстволық бірлікке айналдыру, не оны тікелей премьер-министрге есеп беруге міндетті қылуға қатысты мәселені көтеріп келеді.
Бәлкім, тергеу ережелері туралы бұйрыққа енгізілген түзетулердің ішінде жаңа 27-1 тармақтың пайда болуының себебі де сол шығар. Бұл тармаққа сай авиациялық апаттарды тергеу жұмыстары штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Мемлекетаралық авиация комитетіне толығымен немесе ішінара тапсырылады.
Мұндай шешімнің қабылдануының екінші себебі – Қазақстанда ұшақ апаттарын сапалы және объективті тергеуге қабілетті мықты мамандардың болмауы шығар
Дәл сол себепті, жергілікті авиация органдарының қабілетсіздігі мен біржақтылығы туралы көптеген сындар мен айыптаулар болды — бұл сала тар, онда тәжірибе жинайтын жер жоқ. Сондықтан, Алматы әуежайында Bek Air ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін үш жылдан кейін, ұшақ барып соғылған сол бір қырсық үйдің әуежай маңында салынуына тікелей және жанама түрде кінәлі шенеуніктердің соты өтсе де, бұл жағдайға қатысты сұрақтар әлі күнге дейін бар.