Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын талқылап, отбасындағы агрессор адамды суреттеді.
ІІМ мәліметінше, 80% жағдайда отбасы жанжалдарына ер адам себепкер болады. Әдетте олар — 30-50 жастағылар (52%).
Оның 74%-інде тұрақты жұмыс орны, ал 90%-ында кәсіби және жоғары білімі жоқ. 78% жағдайда жәбірленушілер — әйелдер. Көбіне олар зорлықшыға материалдық және психологиялық жағынан тәуелді. Ұзақ жыл бойы қорлау мен қорқытуға шыдап жүреді. Балалар да зардап шегеді. Олар — қатыгез көріністердің куәсі
, — деді ІІМ өкілі.
Марат Ахметжановтың айтуынша, министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға жауап беру үшін шаралар қабылдап жатыр. Жыл басынан бері төбелескендерге қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 10 мыңнан астам адам сот шешімімен қамауға алынып, 8,5 мыңына ескерту жасалды, 675-іне айыппұл салынды.