WhatsApp-та қазақстандықтар еліміздің әрбір азаматына «193 817 лв» мөлшерінде төлем жасалатыны туралы ақпарат тарап жатыр. Stopfake.kz сайты мұның жалған екенін анықтады.

Хабарламаны оқығанда көзге түсетін бірінші нәрсе — адамдарға қаражат төленетін валюта — лв. Лв болгар ұлттық валютасының белгісі. Қазақстанда бұл валюта пайдаланылмайды және ешқандай мемлекеттік төлемдер жүргізілмейді.
Сонымен қатар, төлемді алу үшін қандай да бір ресми ресурсқа емес, Fi-fa Qatar мекен жайы бойынша сайтқа өту ұсынылатынына назар аударған жөн. Іс жүзінде ҚР азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінімдерді тек eGov.kz порталында ғана бере алады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке қайта сайланған жағдайда, жаппай ақшалай төлемдер жасалатыны туралы сөзі де шындыққа жанаспайды. Оның сайлауалды науқанында бұл туралы ештеңе айтылған жоқ.
Хабарламада аталған қазақстандықтарға төленетін төлемдер туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми сайттарында да ақпарат жоқ. Демек, таралған хабарлама өтірік.
Мұндай платформаларды кибер алаяқтар жасайды. Осылайша, олар пайдаланушылардың жеке деректерін иемденіп, оларды өз мақсаттарында пайдаланады,
деп жазған басылым.