Zam-zam store компаниясының өкілі Данияр Илиев Азаттыққа берген сұхбатында қажылыққа арнайы квота алмағанын мойындаған, бірақ бейресми түрде діни басқармадан қажылық виза алдық деген.
Оның айтуынша, компания қажылық визаны мүфтият өкілдерінен (қажылық бөлімі) алған. Әр визаның құны — 500 доллар.
Видео, аудио дәлеліміз бар. Ақшасын қолма-қол төледік. Визаларды кім беріп отырғанын айта алмаймын. Құжатқа жауапты адамдар визамызды әуежайда берген,
деді Илиев.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Zam-Zam Qazaqstan атты компанияның қазақстандықтарды қажылыққа апарып, Сауд Арабиясында олардың құжаттары дұрыс болмай шығып, қамалғаны хабарланған.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы компанияны “заң бұзды» деп айыптаған. Zam-zam store компаниясының өкілі «мүфтиятпен арамыз дұрыс емес» дейді.
Аталған компанияның қызметін пайдаланып, Сауд Арабиясында қанша қазақстандық қамалғаны белгісіз. Кей мәліметке қарағанда, олардың саны 100-ден асады.
Әзірге полиция бұл мәселе бойынша түсініктеме берген жоқ.