Ресейдің бақылауындағы Украинаның Мариуполь қаласына қазақстандықтарды жұмысқа тарту науқаны басталды. Қостанай жұмыспен қамту агенттігі айналасында әлі де әскери іс-қимылдар жүріп жатқан Мариупольге құрылысшылар мен қара жұмысшылар қажет екені туралы хабарлама жариялады.
Жұмысқа бетоншылар, шатыр салушылар, тас қалаушылар, сантехниктер, слесарлар және соғыстан қираған қаланы қалпына келтіруге көмектесе алатын барлық қызметкерлер шақырылады.
Қазақстандықтарға жалақы 100-120 мың рубль (808-882 мың теңге) шегінде ұсынылады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер халал тамақ, баспана және Ресей аумағына кіру мен шығуды қамтамасыз етуге дайын.
Қалада қазірдің өзінде «ТМД-ның түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан келген азаматтар» жұмыс істеп жатқаны нақтыланған.

Еске салайық, Мариуполь Украинаның Донецк облысында орналасқан. Ресей Федерациясының шабуылынан кейін қала қатты қираған. Бірде-бір бүтін ғимарат қалмаған.