Қазақстаннан 54 миллион теңгенің бензині заңсыз шығарғандар анықталды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді.
ҚМА Павлодар облысы бойынша департамент қызметкерлері жалпы құны 54 миллион теңге болатын 165 тонна көлеміндегі АИ-95 маркалы бензині бар 3 вагон цистернаны «жанармай қоспасы» деген желеумен елден заңсыз әкету дерегін анықтады. Сонымен қатар сол компания 89 миллион теңге тұратын көлемі 280 тонна АИ-95 маркалы бензині бар 5 вагон цистернаны Өзбекстанға экспорттамақ болған кезде ұсталды,
делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, осы компания Өзбекстан мен Тәжікстанға 90 миллион АҚШ доллары көлемінде 100 мың тоннадан аса жанар-жағармай экспорттауды көздеген. Серіктестік директоры өз кінәсін толық мойындады.
Тәркіленген бензин құйылған цистерналар мемлекет кірісіне айналдырылды, 54 миллион теңге мемлекет кірісіне өндірілді. Сот үкімі бойынша ЖШС директоры кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.