«Қазақ тілін білмесең жұмыс табу қиын» дейді Қазақстанға келген ресейліктер. Сондықтан олардың көбі басқа мемлекеттерге кетіп жатыр.
40 жастағы Кирилл жуырда Ресейден Қазақстанның Атырау қаласына келген. Қазір ол елдегі жағдайы, тұрмысы жайлы айтып берді. Оның сөзінше, мұнда келген отандастарының біразы Қазақстаннан басқа елдерге кеткен. Себебі мұнда көбі жұмыс таба алмаған көрінеді.
Атырау – шағын қала. Бұл қалада да қазір баға өскен, заттар шамалы қолжетімді. Алайда мұнда қалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Біріншіден, жұмыс табу қиын екен. Екінші мәселе, жұмыс берушілердің 90%-3 міндетті түрде қазақ тілін білуді талап етеді. Ұсынатын айлығы болса, төмен. Берген жалақысы біздің валютаға ауыстырғанда 10 мыңнан 15 мың рубльге дейін ғана жетеді. Бос жұмыс орындары да аз. Жоғары жалақы төлейтін жұмысқа орналасу үшін Астанаға, Алматыға бару керек. Бірақ бұл екі қалада да өмір сүру қиын. Пәтер бағасы қымбаттаған. Айына 100 мың рубльге дейін сұрайды. Жалпы, мұнда келгелі түсінгенім, қазақтар өте қонақжай. Ал нарықтың аты – нарық. Күн көру керек. Меніңше, Ресейден келгендердің көпшілігі Қазақстанда 90 күннен артық қалмайды деп есептеймін. Қаржылық жағдайы қанағаттанарлық болса, Ресейге оралады немесе Грузия, Армения секілді мемлекеттерге кетеді, кейбірі Еуропаға жол тартады6
деді Кирилл.
Еске салсақ, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 3 қазанда «Қазақстанға 7 мың Ресей азаматы келсе, 11 мыңға жуық адам кеткен» деген еді.
Осы орайда, ІІМ Көші-қон қызметі: «Биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен. Қазақстан тарапынан қабылдаушы тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарлауға міндетті», – деп ресми сайтында хабарландыру жариялады.
Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейден келгендерге қарағанда, кеткендер көбірек болғанын айтты.