Categories: Қоғам

Қазақтың тойы қып-қызыл шығын

Той – қай халықта да бар. Бетімізді ашып алайық, дәстүрге сіңген той-салтанатты қазақтан айырып алайын деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, проблема бар. Проблема – қып-қызыл шығында.

Ел ішінде болып жатқан оқиғаларға сергек қарайтын, әлеуметтік желілерде ойын бүкпей айтатын, университетте дәріс берген, салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршіліктен хабары бар, заманауи ойлайтын тарихшы Айшуақ Дәрменұлының пікірін Қаржылық сауат телеграм арнасы тілге тиек етіпті.

Бала – үйленем, қыз – тұрмыс құрам десе, ішер асымызды жерге қоя, өре түргелетін елміз. Бәрімізді «баламның бір тойын жасап бере алмасам, жұрт не дейді» деген намыс қайрайды. Сол «намыстың» күшімен эмоцияға ерік беріп, банктен қалай шыққанымызды білмей қалып жатамыз. Ол кезде банктің кредит үстіне қосып беретін пайызы маңызды емес. Маңыздысы – банк берген ақшаның қолға тигені. Кімнен жасырамыз, көпшілік үшін қарызды еңсеру, қалай қайтарам деп ойлану – тойдан кейінгі шаруа. Тарихшы Айшуақ Дәрменұлы той үшін қарызға белшеден батып, өзіңе салмақ салу – жастарға да, отбасыға да обал дейді.

Осыдан 10-15 жыл бұрын әрбір аялдамада миллион теңгені 5 минутта таратып бере қоятын қызметтер болған. 28% жылдық өсіммен. Мысалы, сіз 1 млн теңге аласыз, оны 3-3,5 млн қылып қайтарасыз. Өте сұмдық нәрсе. Бұл қазақ баяғыда айтып кеткен «отауын сайламай, басқасын сайлады» деп. Сондықтан, бұл қаржылық сауат мәселесі тұрғысынан қарасаңыз, өте тиімсіз дүние.

Бауыржан Момышұлының баласы айтқан бір сөз бар еді: «Тұрмыс есіктен қарағанда, махаббат терезеден секіріп кетті ме, қалқам?» дейтін. Сондай бір тұрмыстың қыспағына ұшырап, ажырасып кеткен отбасыға айтқан әңгімесі еді. Сондықтан, бұл күлкі қылатын нәрсе емес. Асықпай ойланатын дүние.

Бізде халыққа кредит ұсынатын кім? Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары. Олардың үстінен қадағалайтын реттеуші орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл тұрғыда не ойлайды? Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат кулуарында журналистердің сұрағына былай деп жауап берген:

Несиенің қандай да бір түрін беруге тыйым сала алмаймыз. Заң бойынша несиелеудің нақты түрлерін шектеуге құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты және оған араласуға біздің құқығымыз жоқ.

Демек, қаржы ұйымдары, банктер тойға кредит беруге тыйым салуға әзір дайын емес.

Тойға шығын шығаруға шектеу қою немесе тыйым салу мәселесі – бұл проблеманың бергі жағы. Мұзтаудың төбесі дейміз бе. Ал, енді, оны тереңірек ойлап қарасаңыз, мүмкін, кейбір адамдар маусымдық жұмысын істейтін шығар, күздегі егіннің түсімінен үміт етіп отырған болар немесе бір жақтан кіретін табыс көзіне сеніп, кредит алатын шығар. Бірақ, жоспарсыз кредит алып той жасау, оңды-солды шашу – бұл дарақылық және жалған намыс. Енді әркімнің өз басы бар ғой. Қазір біреуге ақыл айтсаң, ауырып қалатын заман. Кейбір жағдайларды көріп жүрміз. Ұлан-асыр той жасайды, бір ай, екі айға жетпей, жастардың арасына жік түсіп жатады. Ол өте ауыр көрініс. Артында миллиондаған қарызы қалады, ортаға түскен шаңырақ қалады…

деді тарихшы Айшуақ Дәрменұлы.
Айшуақ Дәрменұлы

Жалпы, «банк», «кредит» деген ұғымдардан зұлымдық іздеудің қажеті жоқ. Бұл тек Қазақстанда ғана ойлап табылған «тұзақ» емес, өркениетті елдерде де бар дүние. Тек кредиттің бағасын білу маңызды. Әңгіме оның пайызына келіп тіреледі. Әр елде ол әртүрлі. Рас, бізде оның мөлшері көп. Бірақ оның да экономикалық тұрғыда өз себебі бар.

Байлар шаша берсін! Оңды-солды шашсын. Әркімнің өз еркі. Ешкім қолын қақпайды. Бірақ, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырып, «қайыршыға жел де қарсы» деп өмірдің кез келген қысымына, тағдырдың кез келген шабуылына төтеп бере алмай, қалт-құлт етіп отырған адамдар байларға еріп, оңды-солды шашылып, өмір бойы қарыздың қамытын киіп жүрсе, ол қаншалықты дұрыс болар еді? Әңгіме осы туралы ғой?

Тойдың шығыны адам санына да байланысты екені рас.

Қазіргі қазақтың жап-жас қыздары мен жігіттерінің көзқарасына, өмірге деген ұстанымына таң қалатын кездер өте көп. Шетелде оқысын, Қазақстанда оқысын, алыс-жақынды көріп жүрген жастар бар. «Әке, ана, мынадай үлкен тойдың қажеті жоқ. Біз оның орнына әлемді айналып қыдырып қайтайық. Оданда ақшамызды ертеңгі бизнесімізге салайық. Өзіміздің ең жақын достарымыздың арасында ғана атап өтейік» деп әке-шешесінің 500 адам шақырам дегеніне қарсы болып, өздері кішкентай ғана той жасап жүрген отбасыларды білем. Миллиондап шығын шығаратын нәрсенің бәрін қысқартып тастайды. Әп-әдемі, құрқылтайдың ұясындай шап-шағын мейрамхананы немесе қала сыртындағы кафені таңдайды. Сосын 30-40 адамның басын қосып, есте қаларлық кеш жасайды. Адамдар бұған да тез үйренеді. Жақсы әдет те жұқпалы. Сондықтан, бұны да жарнамалай беру керек.

Мысалы, еврей халқында мынадай қағида бар: Кез келген қарапайым еврей зейнетке шыққанда оның жоқ дегенде бір дәріханасы, шаштаразы, дүкені болуы керек. Және оның үшеуінде де ол жұмыс істемейді, үшеуін де жалға беріп қояды. Тірі адам бар жерде шашын алдырады, адам бар жерде ауру-сырқау болады, адам бар жерде күнделікті ішіп-жемін, тағамын, азық-түлігін алады. Көрдіңіз бе, олардың бәрі – адам бар жерде тоқтамайтын бизнес. Күнделікті қажет, күнделікті керек нәрселер. Үйренеріміз бар. Ал, қаланың жағдайында бір жалақыға қарап отырған тіптен қиын. Көрпеңе қарай көсіл дегенді көп адам түсінбейді. Қаржылық сауат мәселесі де талай айтылып жүр ғой. Сондықтан, тойды кредитке жасап, оңды-солды шашуды қойған дұрыс болар-ау.

Тойға кредит беруге тыйым салу керек деген мәселеге сіз қалай қарайсыз?

Сая Манарбековна

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

13 часов ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

1 день ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

2 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

2 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

2 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

4 дня ago