Тарих

Қазақтың қыз-келіншектері қандай баскиім киген?

Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Жалпы киімдер жергілікті ерекшеліктерге бейімделіп әрі әйелдер мен ерлерге арнап тігілген. Bugin.kz тілшісі қыз-келіншектерге арналған бас киім түрлеріне тоқталды.

Қазақ қыздарының бас киімдерінің бірі — бөрік.

Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат маталардан тігілген. Оның жазғы және қысқы түрлері болады. Жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жанат бөрік, сусар бөрік, түлкі бөрік, күзен бөрік деп аталады. Бөрік үш, төрт немесе алты қиықтан құралады да, оны тиісінше үш сай, төрт сай, алты сай дейді. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киген. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәріздес биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асылтастар, түйме, оқас, зер, күміс тағылады.

Сәукеле — бұрын киелі деп есептелген, өте ерте заманнан келе жатқан қалыңдықтың бас киімі.

Үйлену салтанатына арнап қалыңдықты жасандырғанда, әдетте оның басына маңдайлық, желкелік жанамалар қыстырылатын қаңқа ретінде, биіктігі 20-30 сантиметрлей келетін бағалы аң терісімен көмкерілген «сүйір бөрік» кигізетін де, үстіне сәукеленің өзін қондыратын болған.  Сәукеле көбіне күрең немесе шымқай қызыл барқытпен тысталған жұқа киізден арт жағы биіктеу етіп пішілетін де, төбесі күміс зермен кестеленген шашақты табақшамен жабылып, алтын жалатқан күміс шытырлармен, лағыл-жақұт қондырылған тәтімен, екі жағына бірлей төгілетін маржан, інжу, перуза моншалақтарынан тізілген жақтамалармен безендірілетін. Сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ желек ілетін болған. Ол беташар айтылғанда қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, қыздың да дене пішімін өте нәзік , сымбатты етіп көрсететін.

Үйлену тойына бұрын қалыңдық сәукеленің орнына зерлі қасаба да киген. Оған дәлел — қазақ тілінің лексиконында «қасабалы қалыңдық», «қасабалы келіншек» деген тіркестердің сақталып қалғаны. Шамасы, қазақ әйелінің осы бір керемет бас киімі өзімен аттас көне түркі бас киімінің негізгі элементтерін бойына сіңіріп бізге жеткен болса керек. Қалыңдық қасабаны жібек көйлектің үстіне қаусырынатын, шалғайына, бірден бір нышаны іспетті нымшаға қоса киген.

Сақ (скиф) әйелдері де «қасаба», «сәукеле» нұсқасына ұқсас ғұрыптық баскиімдер киіп, ал шаштарына кестеленген киіз шашбаулар таққан. Кендір жолаққа күлгін жібек мата тігіліп, оған тізбектеліп, он қораз элементі тігілген баскиім үлгісі орта ғасырда табылды. Маңдайға тағылатын қыздардың баскиімі Маңғыстауда ХІХ ғ. және түркімендерде кездеседі. Кестелеп тігілген қыздардың маңдайшасы «тәттілі» деп аталады.

Сақ кезеңінде тігілген баскиімдерге құстар, аң, жануарлар бейнеленген алтын жапсырмалар тігілген. Қазақтарда қасиетті құстардың бірі — үкі. Үкіні әйелдер қарқара бөріктің, сәукеленің төбесіне, ал сал-серілер қадап жүрген. Ғұрыптық баскиімдерге қатысты наным-сенімдер ел арасында бүгінде сақталған. Олар: баскиімді айырбастауға, басқа адамдарға беруге болмайды, жесір әйел жыл толғанша теріс киіп жүрген. Кісі өлтірушінің туыстары да, құн төлеушіге бітімгершілік үшін «сары жаулық» жібереді: тілек, ниет белгісі болған киелі тұмарды «қарқара» деп атаған,т.б.

Қасаба — үшкірлеу төбесінен бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асылтас, алтын, күміс әшекейлермен безеп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатарда ілмелі моншақ күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасаған қыз тақиясының бір түрі. Оның үйлену тойына кейде қалыңдық сәукелені орнына да киген. Тойдан кейін үкісіз, желексіз, ойыңқысының сыртына жаулық салып немесе басына орамалдың үстіне киген. Қасаба күрең немесе көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша секілді маталардан тігіледі.

Сораба — қыздар киетін тақия тәріздес баскиім. Кәдімгі тақиядан айырмашылығы артында салпыншағы бар, қабырғссының айналасына шашаұ тағылады. Қыздарға көз сұқтан сақтану үшін «ырымдап» кигізеді. Содан да: «Қыздар киер сораба, салбыратып шашағын, жаман жігіт бүлдірер өз отбасын, ошағын», — деген халық өлеңінде үзінділер кездеседі.

Әйелдер киетін баскиімдер

Әйел бөрігі — бөріктің негізін киізден, ал астары мен тысын матадан жасайды. Төбесі дөңгеленіп бөлек пішіледі де, жалпақтығы төрт елідей киіз қалыптың бір жағына жапсырыла тігіледі. Мұндай бөріктің жазық төбесі түсті матамен тысталатын да іші астарланатын, ал етегі сырт жағынан түгелдей құндыз, яки сусар терісімен қапталатын да «құндыз бөрік», «сусар бөрік» деп аталатын.

Қарқара — биік  төбелі, милығына айнала құндыз тұтады. Маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үшкілдеп жырға тігеді. Оған құтанға, тырнаға ұқсас, сұңғақ, сымбатты құс — қарқараның қауырсыны қадалады. Бұл қыз баланы пәле-жаладан сақтап жүрсін деген ырым бойынша жасалады. Төбесі биік келген, қауырсын қадалған қыздардың жас келіншектердің  сәнді баскиімі. «Қарқарадай ғып» деген сөз тіркесі осыдан қалған. Бұл бас киімді әлеуметтік деңгейі жоғары әйелдер мен қыздар киген. Құс қауырсындары сән беріп қана қоймай тіл-көзден сақтайды деп сенген. Қарқара кигенде әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсына келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдырады, шашын көрсетпей жауып тұрарлықтай етіп орайды.

Қазақ әйелдеріне тән өзіндік ерекше киім — кимешекті ақ мата, кейде жібек матадан тігіп, жиегін көмкеріп, сан алуан түрмен әшекейлеп дайындайды. Кимешек-шылауышты жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, кемпірлер киеді. Салт бойынша кимешекті келіншек балалы болғаннан кейін киеді. Бұған келіншек өзі де дайындық жасайды. Енесінің, абысын-абыжынының көмегімен кимешек пішіп, әшекей кестелерін өзі тігеді. ХІХ ғасырдың басынан бері оларды тек ақ матадан ғана тіккен, бірақ ХҮІІІ ғасырдағы мәліметтер бойынша оған түсі басқа маталарды да пайдаланған көрінеді. Бұл баскиім негізінен екі бөліктен тұрады. Төменгі бөлігі — кимешек, кимешектің жоғарғы бөлігіне жаулық оралады.

Жырға — әйелдердің сәнді баскиімі. Асыл тастармен, ақық моншақтармен әйшекейленіп тігіледі. Орта жастан асқан әйелдер киетін болған.

Жаулық — қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Арқа жерінде ардақты әжелер жоғары және төмен деп аталатын қос жаулық тартқан. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болғандықтан әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды бәйбішелер киген.

Сая Манарбековна

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

2 дня ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

2 дня ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

2 дня ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

2 дня ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

2 дня ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

3 дня ago