Categories: Галерея

Азия мен Еуропа түйіскен жер: Ақтөбенің туристік әлеуеті

Ақтөбе облысының басшылығы өңірде туристік саланы дамытуға барынша мүдделі. Visit Aktobe туристік ақпараттық орталығының мәліметінше, 2022 жылы аймаққа 24 919 шетелдік келген, негізінен олар Ресей, Түркия және Қытай азаматтары. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда ішкі туризм 15,7%-ға өскен. Алайда, бұл санақ алдамшы болуы мүмкін. Себебі, аймаққа ат басын тіреген қазақстандықтардан қалаға келудегі мақсатын ешкім сұрамайды. Бейресми статистикаға сәйкес, көпшілігі қалаға жұмыс бабымен келеді, аталмыш «туристердің» шамамен 80 пайызы – іссапармен жүргендер.

Сонда да жұмыспен келген қала қонақтарына да бос уақытта шаһардың көрікті жерлерін аралап, қыдырып қайтуға ештеңе кедергі емес.

Облыс әкімдігі бұл аймақтың Қазақстанның маңызды өңірлерінің бірі саналатынын, оның экономикалық, мәдени және туристік әлеуеті зор екенін алға тартады.

Облыстың географиялық артықшылығы да бар: ол Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Бір кездері бұл жер арқылы Ұлы Жібек жолының керуендері өтіп, қалалар мен елдерді байланыстырды. Бүгінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» заманауи көлік магистралі сол көне жолдың мұрагері іспеттес. Азия мен Еуропаны жалғайтын теміржол желілері барлық бағытта созылып жатыр. Жалпы, тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірді туристік орталыққа айналдыруға толық мүмкіндік бар.

Географиялық тұрғыдан алғанда, Ақтөбені Еуропаға жатқызуға болады. Себебі, қала батыс континентінің ең шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл әрине, шаһарға өзіндік сүйкімділік пен ерекшелік береді.

Ақтөбеге әуежай жақтан кірген адам биіктігі шамамен 18 метр болатын Димаш Құдайбергеннің мұралына тәнті болады.

Облыс басшылығы Димашты елдің бренді деп санайтыны сөзсіз. Ал Ақтөбе әлемдік жұлдыздың туған жері. Әлі күнге дейін ол жердегі туыстарына қонаққа барып тұрады. Бұл – әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың жанкүйерлерін Ақтөбеге тартуға, солайша туризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік. 2017 жылы қалада Димаш жанкүйерлерінің үлкен слеті болды, оларға әнші оқыған мектеп пен музыкалық колледж, өнер көрсеткен алғашқы сахналық алаңы көрсетіліп, туристік бағдарлама ұйымдастырылды. Одан бөлек, жұлдыздың туған қаласын көруге келіп-кетіп жатқан шетелдік туристер де бар.

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов урбанистерге бұл мүмкіндікті барынша пайдалануды ұсынған болатын. Қазір қаланың он көшесінде арт-нысандар, мұралдар және шағын сәулет туындыларын орналастыру бойынша жоба біртіндеп іске асырылуда.

Дегенмен, Ақтөбенің туристік әлеуеті бір ғана Димаш Құдабергенмен шектелмейді. Бүгінде Ақтөбе – химия, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамыған елдің ірі экономикалық, индустриалдық және мәдени орталықтарының бірі.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өңірдің мәдени және тарихи байлығымен толығырақ танысуға болады. Мұражайдың өзі өте керемет, көне дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі көптеген қызықты жәдігерлер, табиғат залы, археология залы, бірегей экспонаттар бар. Қазақ хандығы мен 19 ғасырдың тарихы ұсынылған, ұлттық шеберлердің таңғажайып туындыларымен толтырылған этнография залы бар. Мұражай қорларында 115 мыңға жуық сақтау бірлігі бар: бұл минералогия, палеонтология, археология, этнография, сәндік-қолданбалы өнер, нумизматика, сондай-ақ сирек кездесетін кітаптар, мұрағаттық құжаттар, фотоматериалдар.

Ақтөбенің мәдени нысандары да жетерлік, соның бірі – Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына биыл 90 жыл толды.

Сондай-ақ шаһардың бай тарихынан сыр шертетін – ескі қала бар.

Мысалы, заманауи материалдармен қалпына келтірілген бір қабатты ғимаратта бір кездері екі сыныпты училище болған.

Сәулет стилі өзгеше тағы бір үйде революционер, кеңестік мемлекет және саяси қайраткер Сергей Киров сөз сөйлеген. Барлық коммунистік көсемдердің ішінен, осы кісіге деген халықтың ықыласы ерекше еді. Қайтыс болардан жарты жыл бұрын Киров Қазақстанға келіп, Ақтөбе облысында болды, өңірде экономиканы дамыту бойынша бірқатар сындарлы ұсыныстар берді.

Ақтөбе көп қабатты «архитектуралық торт» секілді: жарқыраған, болашаққа ұмтылған заманауи орамдар, олардың артында аздап тозғанымен, тәуір сақталған кеңестік құрылыс аудандары: хрушевкалар мен 30-40-50-70-80-ші жылдары салынған үйлер, сондай-ақ революцияға дейінгі құрылыстың «ескі қаласы» бар. Мұның бәрі өте үйлесімді көрінеді.

Ескі аудандарда біршама тозған сәулет өнерінің нағыз шедеврлері бар. 1928 жылы конструктивизм стилінде салынған ғимарат бұрын теміржолшылардың мәдениет үйі болатын, қазір бұл «Локомотив» кинотеатры.

Көз тартар әсем ғимараттардың бірінде Қазақ-орыс университеті орналасқан.

Сонымен қатар, қалада Кеңес Одағының Батыры, Ақтөбе облысының тумасы Әлия Молдағұловаға, Әбілқайыр ханға, генерал лейтенант Жансен Кереевке , ұшқыш-ғарышкер Пацаевқа арналған көптеген ескерткіштер бар.

Туристердің қызығушылығын тудыратын тағы бір нысан – «Руханият» мұражайы. Бұл келушілерге дәстүрлі әлемдік діндердің шығу тегі туралы баяндайтын жәдігерлері бар аймақтағы жалғыз мұражай. Мұнда исламның пайда болу тарихын баяндайтын материалдар, бірегей қолжазбалар, Қасиетті кітаптар, тұмарлар, киім-кешек, зергерлік бұйымдар, таспиқтар, тұрмыстық заттар, картиналар, литографиялар, Құран мәтіндері бар қару-жарақтар, гравюралар және заманауи репродукциялар сақталған. Мұражайда ұсынылған әр жәдігердің өзіндік қызықты тарихы бар: ХІХ — ХХ ғасырдың басындағы Құрандардың түпнұсқалары, мұсылман қасиетті жерлерінің макеттері, мешіттердің кірпіштері, имамдардың мөрлері. Мұражай қаладағы «Нұр Ғасыр» бас мешітінің жертөле қабатында орналасқан.

Ал мешітке қарама-қарсы – көшенің арғы бетінде православие шіркеуі тұр. Шетелдіктерді бұл жайт таңғалдырады, ал біз үшін, конфессияаралық келісімді бағалайтын қазақстандықтар үшін бұл қалыпты жағдай.

Қарқынды дамып келе жатқан Ақтөбеде халық саны бірнеше жылда миллионға жетеді деп күтілуде. Қаланың өзіндік келбеті, атмосферасы бар. Негізі, «климаты ызғарлы өңір тұрғындарының мінезі де қатал», деуші еді. Ал ақтөбеліктер керісінше, ашық, мейірімді, бауырмал келеді. Жалпы, қаланың өзі сырт көзге күңгірт көрінгенімен, өте жайлы және шырайлы.

Арман Ерғалиев

Recent Posts

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

3 дня ago

«Қуандық қажы екен». Бишімбаев бес рет қажылыққа барған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап…

3 дня ago

«Имам садақаға түскен ақшаға Lexus алған» дейді

ҚМДБ мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желі қолданушысы Оразбек Садықов тараздық имамның садақаға түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғанын…

3 дня ago

Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзінде Д.Ахмеджанов соңғы…

3 дня ago

Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткімен ұсталды

23 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы Қазыбек…

4 дня ago

Түркістанда 90 млн теңге қарызы бар қазақ жүр

Ол аздай, оны полиция ұстап алды. Көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері “Қорғау”…

4 дня ago