Мемлекет басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінің ашылуында сөз бастады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 28-ге жетті. Бұл, шын мәнінде, форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді. Біз Кувейттің Кеңеске мүше болып, қатарымызға қосылғанына өте қуаныштымыз,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Азия номиналды ЖІӨ көлемі бойынша мойындалған әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды.
XXI ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам қазір расқа айналды. Азия номиналды ЖІӨ көлемі бойынша мойындалған әлемдік экономикалық көшбасшы әрі сатып алу қабілетінің паритеті болды. Өңірде айтарлықтай адами және табиғи ресурстар бар. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну өсімі 30 триллион доллар болады деген болжамды көрсеткіштің тек 1 триллион доллары батыс елдерінің экономикасынан түседі деп күтіліп отыр,
деді президент.
Мемлекет басшысы Азияның болашағы елдердің мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымы арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығына байланысты екенін айтты.