Осыдан 3 жыл бұрын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының 500 млн теңгеден астам қаржысын жымқырды деп айыпталып, артынан жұмысынан қуылған әйел қайда?!
Іс қозғалғаны есімізде. Бетінің жартысын жауып тұратын дәу қара көзілдірігін тастамайтын тәте Дариға апамыздың досқызы дейтін. Сол құтқарды ма? Тергеудің де арты сұйылып, сол күйі ұмытылып кетті.
Біреуді даттап, сол арқылы біреуді мақтау мақсат емес. Болған оқиғаны жазып отырмыз. Соңғы жаңалыққа қарағанда осы күнге дейін мемлекет қаржысына түсірілген отызға жуық фильм келесі жылы прокатқа шығады дейді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландырумен әр жылдары түсірілген 29 толықметражды фильм дайын тұр. Олардың жартысының өндірісі енді ғана аяқталып жатса, ертеректе түсірілген кей туындылар түрлі себепке байланысты әлі де прокатқа шықпаған.
Кеше Алматыда өткен бір жиында киногерлер оның мың себебін айтып, ақталған.
Қазынадан қаржыны уыстап алады, оны қалтаға салады. Әйтүп-бүйтіп жүріп, бір кино түсіреді. Туындыны шетелге апарып, бір байқауға қатыстырады да орын алса алды, алмаса әкеліп архивке лақтыра салады. Сонымен миссиясы аяқталады. Оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Осы дұрыс па⁉️
Жақында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын басқаруға барған Құрманбек Жұмағали осындай фильмдерге ревизия жасап, авторлық кино түсіргіш режиссерлер мен сценарий авторларынан есеп-қисап алыпты. Осындай отызға жуық кино 2024 жылы көрерменге жол тартып, үлкен экранға шығатыны анық.
Кейде біздің ұлттық фильмдеріміз қайда, ақша көп бөлінеді, деп сұрайды менен. Бірақ арзан ойын-күлкіге толы кинолардан басқа ештеңе түсірмегенбіз бе? Бұл көрерменге жасалған қиянат емес пе,
дейді Құрманбек.
Айталық, 2019-2022 жылдары 100-ден астам киножобаны мемлекет қолдап, қаржы берген. Осыған кеткен сомма 17,4 млрд теңге. Аз қаржы емес. Әр фильмнің өз көрермені бар. Мемлекет ақшасына түскен киноларды тымпиған күйі мұрағатқа тыға салмай, прокатқа шығарсын. Жақсы бастама.
Мүмкін бағы жанып, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленетіні, қаржыны еселеп қайтаратындары бар шығар,
деп жазды Ришат Асқарбекұлы.