Кеше Каспи банктің 7 қызметкерін кепілге алып, банктің қаржысын науқас балаларға аударуды талап еткен Әлихан Мұратовтың тірлігі елді шулатты.
«Менің ойымша, бұл операция күштік құрылымдардың беделін көтеру үшін жасалған қойылым секілді», дейді журналист Серік Жолдасбай.
Оның пайымдауынша, бұл оқиғаға байланысты түсініксіз сұрақтар өте көп. Мәселен,
- арнайы жасақ 7 адамды кепілдікте ұстап отырған қылмыскерді ұстау үшін ғимаратқа қандай батылдықпен кірді?
- Егер қылмыскер 2-3 адамды атып тастағанда жағдай қалай болар еді?
Бұл кезде жұрт «Арнайы жасақ келіссөз жүргізбей ғимаратқа неге басып кірді?» деп айыптайтын еді.
Соған қарағанда құзырлы органның ғимаратқа баса-көктеп кіруі сценарий секілді.
Сценарий демекші,
- ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың банк ғимаратына кіріп, қылмыскермен келіссөз жүргізуіне қандай қажеттілік болды?
- Елімізде министрден басқа қылмыскермен келіссөз жүргізетін адам жоқ па?
- Егер қылмыскер шын қауіпті болса, министр басын қауіпке тігер ме еді?
Ахметжановтың аяқ астынан батыл болып кетуіне қарағанда, «Каспи банк ісі қойылым емес пе?» деген күдікті ұлғайта түседі.
Содан кейін Михаил Козачковтың телеграм каналы ел білмейтін ақпаратты ең бірінші жариялап отырғаны қалай?
Мысалы, ол күдіктінің Жамбыл облысынан екенін және бұрын істі болғанын жазды. Журналистің қолында құзырлы органға белгілі, бірақ жұрт білмейтін ақпаратты кім берді? Бұл да күдік тудырады?
Тағы бір қызық жағдай, операция аяқталғаннан кейін
бұған дейін ақылы пост жазады делінген азаматтар арнайы қызметтің мінсіз қызмет атқарғанын мақтап шықты.
Бір мезгілде жасақтың ісіне тамсанған адамдардың әрекеті де күдік тудырады.
«Ұзын сөздің қысқасы, Каспи банктің шуы жұртты қатты иландыра қоймады», деп пайымдайды ол.