Желі белсендісі, PR саласының маманы Назым Жангазинова қарамағындағы әріптес аруларға осындай кеңес беріп жүреді екен. Ол туралы пиаршы өз парақшасында жазады.
«Менің агенттігімде жұмыс істейтіндердің 90%-ы – қыздар. Басшы ретінде, арамыздағы жасы үлкені ретінде қыздарыма ақыл айтып отыратыным бар. Жиі қайталайтын ақылдарымның бірі – қаржылық тәуелсіздік жайлы» дейді Назым, деп жазды Қаржылық Сауат арнасы.
Қаржылай ғана емес, жалпы тәуелсіз болу керек. Ата-ананың байлығы балаға дәулет болып қалғанымен, көп жағдайда ол байлықтың берекесі болмай жатады. Бай жігітке тұрмысқа шығып «бинго» ұттым деген жалған аксиома мүлдем ұмытылуы керек.
Өмірде әртүрлі жағдай болады, соның бәріне дайын болу керек. Басқа қиын жағдай тап болғанда, қол қусырып отырып қалмай, кез келген уақытта өз еңбегіңмен ақша тауып, өз проблемаңды шеше білуің керек.
Бай жігітке тұрмысқа шығып, аяғында балаларына алимент төлете алмай отырған аналарды білемін. Жастығын сол еркекке арнап, байлығы екеумізге де жетеді деп сенген қаншама қыздың ішінде не жұмыссыз, не үйсіз қалып жатқандар да бар. Жұмысқа шығайын десе бэкграунд жоқ, жасы да келмейді.
Әр адамның байлығы өзіне. Сендер де өз деңгейлеріңе сай бай да тәуелсіз болуларың керек. Әрқашанда даму, ізденіс, еңбек жолында болыңдар. Ерінбеңдер, дамыңдар, алға қарай ұмтылыңдар. Бастарың мен қалталарың бос болмасын.
дейді жазба авторы.
Артық ақшаң болып жатса, жақындарыңа, мұқтаж жандарға көмектесіп тұрыңдар. Бірақ естеріңде болсын, ертеңгі күндерің ешкімге қарамасын, тәуелсіз болыңдар!