«Бомба қойылды» деген барлық хабарлама жалған болып шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Биыл полиция бомба қойылғаны туралы 140 қоңырауға барған. Террорлық акт туралы жалған хабар бойынша 101 қылмыстық іс қозғалды.
Жалған террористер мына объектілерде «бомба бар екенін» хабарлаған:
— білім беру ғимараттары;
— транспорт объектілері;
— ойын-сауық орталықтары;
— елшілік;
— банктер және тағы басқа.
Былтырғы жылмен салыстырғанда мұндай хабарламалар бойынша қылмыстық іс 68%-ке көп қозғалған. 101 істің 12-інде ғана қылмыс құрамының болмауына байланысты іс қысқартылған.
Жыл басынан бері «миналау» бойынша 11 адам сотталып, оның 6-уы бас бостандығынан айырылды. Кейбір жағдайда «бомба қоюшылар» шетелде болып шығады,
делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арқылы шетелдік әріптестерден ақпарат келіп түскендіктен, шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарына халықаралық тергеу тапсырмалары қозғалады. Мұндай нұсқаулар Ресейге, Швейцарияға, Малайзияға және Украинаға жіберілді.